Мұндай шешім Кайсери қаласындағы ерлі-зайыптылар арасындағы даудан кейін шыққан.
Фото: Pinterest
ERNUR.KZ. Енді Түркия азаматтары әлеуметтік желіде кімге “лайк” басқанына мұқият болуға тиіс. Өйткені елдің Кассациялық соты өзге жыныс өкілінің суреттеріне “ұнады” белгісін қоюды некедегі сенімді бұзатын әрекет ретінде бағалап, оны ресми түрде ажырасуға негіз бола алатын шешім ретінде бекітті, деп жазады stan.kz.
Мұндай шешім Кайсери қаласындағы ерлі-зайыптылар арасындағы даудан кейін шыққан. Жұбайлар бір-біріне қарсы ажырасу туралы талап берген. Әйел күйеуінің оған ақша бермейтінін, қорлайтынын және тұрақты түрде басқа әйелдердің суреттеріне лайк басатынын айтқан. Ал ер адам әйелі өзін орынсыз қызғанатынын және қорлағанын алға тартқан.
Отбасылық сот ер адамны кінәлі деп тауып, әйелге алимент пен өтемақы төлеуге міндеттеді. Сот үкімінде әлеуметтік желідегі лайктар да дәлел ретінде көрсетілген. Нәтижесінде әйелдің пайдасына 500 лира (6 120 теңге) уақытша көмек, 750 лира (9 180теңге) тұрақты алимент және 80 мың лира (979 200 теңге) көлемінде материалдық және моральдық өтемақы тағайындалды.
Ер адам шешімге шағымдануға тырысқанымен, апелляциялық инстанция алғашқы соттың қорытындысын қолдады. Апелляциялық сот лайктардың некелік сенімді бұзатын әрекет ретінде қарастырылуы мүмкін екенін бекітті.
Сонымен Кассациялық сот шешімді күшінде қалдырып, оны болашақ істерге прецедент ретінде бекітті.
Қазір Түркиядағы заңгерлер бұл үкімнің алдағы некені бұзу процестеріне қалай әсер ететінін талқылап жатыр. Анығы енді отбасылы адамдар әлеуметтік желіде ойланбай басқан әр лайкі үшін жауап береді.


