Үш күнге созылатын аламанда 20 салмақ дәрежесі бойынша еліміздің ең танымал балуандары өзара мықтыны анықтайды.
Шымкент қаласында ұлттық спорт түрі қазақ күресінен ересектер арасындағы Қазақстан Республикасы чемпионаты басталды. Жеңіл атлетика спорт кешенінде өтіп жатқан бәсекеде жалпы 481 палуан бақ сынайды.
Бүгін жарыстың салтанатты ашылу рәсімі өтіп, командалар сап түзеді. Қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қанат Жолдықараев, қалалық қазақ күресі федерациясының басшысы Асхат Мәуленов палуандарға сәттілік тілеп, алдағы жауапты жарыстарда жоғары жетістіктерге жетулеріне тілектестігін жеткізді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, осы чемпионаттың қорытындысы бойынша келесі жылғы ұлттық құрама команда жасақталмақ.
Үш күнге созылатын аламанда 20 салмақ дәрежесі бойынша еліміздің ең танымал балуандары өзара мықтыны анықтайды. Атап айтқанда, Алматы, Астана, Шымкент қалалары мен Түркістан, Маңғыстау, Қызылорда, Жамбыл, Ұлытау, Батыс Қазақстан, Жетісу, Алматы, Павлодар, Қостанай және Қарағанды облыстарынан саңлақ спортшылар келген. Сонымен қатар, «Қазақстан барысы» республикалық дәстүрлі турнирінде белдескен әр өңірдің балуандары да чемпионатта күш сынасады.
Доданы Шымкент қаласы әкімдігі, Шымкент қаласының дене шынықтыру және спорт басқармасы және қалалық дене шынықтыруды дамыту және іс-шараларды өткізу дирекциясы ұйымдастырды. Чемпионаттың жеңімпаздары мен жүлдегерлері 26 қараша күні толық анықталып, үздіктер салтанатты түрде марапатталады.


