Еліміздің құрылыс саласына дағдарыс қаупі төніп тұр.
ERNUR.KZ. Қазақстанның құрылыс секторында жұмыс істеп тұрған кәсіпорындар саны күрт төмендеп кеткен. Тек бір айда құрылыс кәсіпорындарының саны 1,6 мыңға азайып, ақпан айының соңына қарай небәрі 14,8 мың компания қалған, деп жазады Azattyq Rýhy.
Energyprom.kz порталының мәліметінше, биыл қазақстандық құрылыс саласы қиын кезеңдерді бастан өткеріп жатқаны жасырын емес: құрылыс материалдарының қымбаттауы, тұрақсыз геосаяси жағдай, теңге бағамының ауытқуы және т.б. Бүгінде республикада мемлекеттік инвестиция есебінен салынып жатқан 286 нысанның құрылысы тоқтатылды. 84 нысан жобалар құнының өсуіне байланысты құрылыс тоқтағтылған. Айта кетерлігі, бұлардың бәрі көп жағдайда реттелуі оңай, мемлекет қатысы бар объектілер. Әзірге басқа жобалардың тоқтатылуы туралы деректер жоқ болғанымен, сарапшылар олардың жағдайы мәз емес екенін айтады.
«Сарапшылар құрылыс секторындағы қиындықтар ел экономикасына кері әсерін тигізетіні сөзсіз екенін және айтарлықтай салмақты болатынын айтады. 2021 жылдың соңында сектордың елдің ЖІӨ-дегі үлесі 5,8 пайызға жетті, бұл шикізаттық емес сала үшін ең маңызды көрсеткіштердің бірі. Бірақ 2022 жылдың наурыз айында еліміздегі іскерлік белсенділік индексі айтарлықтай төмендеп, 48,3 тармақты құрап, құлдырап кетті. Индекске енгізілген экономика салаларының ішінде дәл құрылыс саласында жағдайдың нашарлап кеткені байқалады: индекс 47,1 деңгейіне түсіп кеткен, ал өнеркәсіпте – 48,2, қызмет көрсету саласында – 48,4», - деп жазады басылым.
Бұл ретте бизнес-климаттың нашарлағанын атап өту керек, яғни бизнестің қазіргі және болашақтағы жағдайларын орташа бағалауға қатысты көрсеткішке келсек, құрылыс секторында (−14,4), қызмет көрсету саласында (−8,1) және өнеркәсіпте (−4,4) көрсеткіш төмендеп кеткен.
«Қазіргі қалыптасып отырған жағдайдан тек кәсіпорындар ғана емес, жұмысшылар да зардап шегеді. Жұмыссыздықтың онсыз да жоғары деңгейі жағдайында саладағы жұмыстардың тоқтап қалуына байланысты құрылыс саласының өзі де, оған қатысты барлық сала қызметкерлері де жұмыссыз қалып отыр», - делінген хабарламада.
Құрылыс секторы – жұмыс орындарының негізгі генераторларының бірі. 2021 жылдың қорытындысы бойынша бұл салада 641,4 мың адам жұмыс істеген. Жұмыспен қамтудың жоғары деңгейі тек сауда, ауыл шаруашылығы және білім беру салаларынан байқалды. Сонымен қатар, құрылыс индустриясымен тығыз байланысты көптеген қосымша секторлар – құрылыс материалдарын өндірушілерден (өңдеу өнеркәсібі және металлургия) бастап, геология, сәулет және басқа салалардағы қызметтер (қызмет көрсету) бар екенін ескерген жөн.