Қазақстанда күзгі әскерге шақыру маусымы басталды

0
446

Күзгі әскерге шақыру науқаны кезінде Қазақстан армиясының қатары 20 мыңнан астам сарбазбен толығады.


Қазақстанда күзгі әскерге шақыру маусымы басталды

ERNUR.KZ. Елімізде күзгі әскерге шақыру науқаны желтоқсан айына дейін жалғасады, деп жазады stan.kz.

Күзгі әскерге шақыру науқаны кезінде Қазақстан армиясының қатары 20 мыңнан астам сарбазбен толығады. Мерзімді әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыруға немесе босатуға негіздері жоқ 18 жастан 27 жасқа дейінгі азаматтар шақырылады.

Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, сарбаздарды әскерге шақыру кезінде:

  • Қарулы күштердің;
  • Ішкі істер министрлігі Ұлттық ұланының;
  • Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің;
  • Төтенше жағдай министрлігінің;
  • Мемлекеттік күзет қызметінің бөлімшелері жасақталады.

“Биыл сарбаздарға арналған артықшылықтар заң жүзінде бекітілді. Оларға қызмет ету кезеңінде және әскерден босатылғаннан кейін екі ай уақытқа несиелік демалыс беріледі. Елімізде 6 мыңнан астам әскери қызметшінің 1 млрд 828 млн теңге сомасындағы төлемдері кейінге шегерілді. Отан алдындағы борышын өтеген азаматтарға студенттік жатақханадан орын беріледі. Сондай-ақ әскерде қызмет еткен мың жарымнан астам азамат жоғары оқу орындарына тегін, ал ақылы бөлімге 700-ден ер азамат оқуға түсті. Биыл көктемде запасқа шығарылған 400-ден астам әскери қызметкер келісімшарт бойынша әскери қызметке орналасты, – делінген хабарламада.

Еске салайық, қалалық және аудандық шақыру комиссиялары жергілікті атқарушы органдар әкімдерінің орынбасарларының төрағалығымен жұмыс істейді. Шақыру науқаны ашық форматта өтеді. Әр қорғаныс істері жөніндегі департаментінде "жедел желі" ашылған, сонымен қатар сұрақтарды әлеуметтік желілердегі ресми аккаунттар арқылы да қоюға болады.