Уақытылы қабылданған мемлекеттік қолдау шаралары мен қолайлы ауа райының нәтижесінде биыл жоғары өнім күтілуде.
ERNUR.KZ. Қазақстанда егін жинау науқаны қарқынды жүріп жатыр, оның қарқыны былтырғы көрсеткіштерден жоғары. Бүгінгі таңда 10,2 млн гектардан 15,5 млн тонна астық бастырылды, деп хабарлайды UKIMET телеграм арнасы.
Уақытылы қабылданған мемлекеттік қолдау шаралары мен қолайлы ауа райының нәтижесінде биыл жоғары өнім күтілуде. Астық жинаудың болжамды көлемі шамамен 24 млн тоннаны құрайды, бұл елдің ішкі қажеттіліктерін толық қамтамасыз етуге және экспорттық әлеуетті сақтауға мүмкіндік береді.
«Жалпы, астық бойынша болжам 24 млн тонна деңгейінде бағалануда, бұл ішкі нарықтың азық-түліктік астығына, жем-шөпке, тұқымдық материалға қажеттілігін толық көлемде қамтамасыз етуге әрі экспорт көлемін сақтауға мүмкіндік береді. Қазірдің өзінде 700 мың тонна майлы дақылдар жиналды. Жалпы, биыл майлы дақыл тұқымының шамамен 4 млн тонна көлемінде рекордтық түсімі күтілуде. Сондай-ақ 1,8 млн тонна картоп, 2,9 млн тонна көкөніс, 2,2 млн тонна бақша өнімдері жиналды», — деп атап өтті ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Үкімет отырысында.