Қазақстанда несие беру шарттары жақсарды - Мәдина Әбілқасымова

0
928

Қазірге дейін 46,6 млрд теңгенің 127 несиесі беріліп қойған.


Қазақстанда несие беру шарттары жақсарды - Мәдина Әбілқасымова

ERNUR.KZ. Ұлттық банк төрағасының орынбасары Мәдина Әбілқасымованың айтуынша, теңгемен берілетін бизнеске арналған несиелер бойынша сыйақы мөлшерлемесі 0,5 пайызға төмендеген, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Ұлттық банк қызметінің басым бағыты – экономиканы несиелеу деңгейін өсіру. Банктердің несие белсенділігі біртіндеп қалпына келе бастады. Биыл сәуір-қыркүйек аралығында банк секторының кредиттік портфелі 7,4 пайызға немесе 921,8 млрд теңгеге өсіп, жалпы 13,4 трлн теңгеге дейін өсті. Заңды тұлғаларға кредит көлемі осы жылдың І тоқсанында бизнестің жұмыс істемейтін несиелерін есептен шығаруына байланысты 8,1 пайызға азайып, 7,2 трлн теңге көлемінде қалды», - деді Мәдина Әбілқасымова Парламент Сенатының Қаржы және бюджет комитетінің отырысындағы «2020-2022 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасының таныстырылымында.

Ұлттық банк төрағасы орынбасарының айтуынша, Қазақстанда несие беру шарттары жақсарған. Теңгемен берілетін бизнеске арналған несиелер бойынша сыйақы мөлшерлемесі өткен жылдың қыркүйегіндегі 12,2 пайыздан бүгінде 11,7 пайызға төмендеген.

«Қазір банк жүйесінде кешенді түрде банк активтерінің сапасын тәуелсіз бағалау жұмысы жалғасып келеді. Активтердің сапасын бағалауды осы жылдың желтоқсанында аяқтау жоспарланып отыр. 2020 жылдың ақпанында банктермен түзету іс-қимылдарының жеке жоспарларын талқылап, бекітеміз. Өткізілетін іс-шаралардың нәтижесінде банк жүйесінің ашықтығын арттырып, нығайту көзделген. Бұл қадам банктердің экономиканы несиелеу көлемін арттыруға мүмкіндік береді», - деді ол.

Мәдина Әбілқасымова экономиканы несиелеу үшін банктерді ұзақ мерзімді теңгемен қорландыру үшін 600 млрд теңгеге «Жеңілдікті несиелеу бағдарламасы» іске асырылғанын атап өтті. Оның айтуынша, биыл 18 қазанға дейін банктерде 263,8 млрд теңге сомаға 368 жоба қаралып жатыр. Қазірге дейін 46,6 млрд теңгенің 127 несиесі беріліп қойған.