Алик Шпекбаев барлық оқу орнында "Адалдық негіздері" деп аталатын міндетті пән енгізетін уақыт келді деп есептейді.
ERNUR.KZ. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев білім бағдарламасына жаңа пән енгізуді ұсынды, деп жазады sputniknews.kz.
Бүгін агенттіктің кеңейтілген алқа мәжілісінде мекеме басшысы өткен жылдың қорытындысын жасап, алдағы мақсат-міндеттерге тоқталды. Осы орайда Шпекбаев жеморлықтың зиянын түсіндіру және адал қоғамды қалыптастыру шараларына баса назар аударды.
"Мәселен, Transparency Kazakhstan-ның қолдауымен жеморлыққа қарсы жазғы мектептер тұрақты түрде жұмыс істей бастады. Бүгінде ол мектептердің саны 4 мыңға жуықтады", - дейді Шпекбаев.
Бұдан бөлек, оның айтуынша, тоқсан сайын "Адалдық сағаты" республикалық акциясы ұйымдастырылады.
"Инфрақұрылым да жасалып жатыр. Адалдық дүкендері мен киоскілері ашылуда. Барлық оқу орнында "Адалдық негіздері" деген міндетті пән енгізетін уақыт келді деп ойлаймын", - деп түйіндеді Шпекбаев.
Оның пікірінше, жаңа пән енгізудің арқасында білім мекемелерінде тәрбие жұмыстары күшейеді.