Қазақстанда рейс мәртебесіндегі барлық өзгеріске тасымалдаушы жауапты болады

0
75

Заң жобасын әзірлеушілер әуетасымалдаушылар осы олқылықты пайдаланып, жолаушыларға келтірілген қолайсыздық үшін жауапкершіліктен жалтаратынын атап өтті.


Қазақстанда рейс мәртебесіндегі барлық өзгеріске тасымалдаушы жауапты болады

Фото ©️ Tengrinews.kz / Тұрар Қазанғапов

ERNUR.KZ. Тасымалдаушылар рейс мәртебесіндегі кез келген өзгерісі үшін жауапты болады: рейсті тоқтату, кідіру, бағытты өзгерту. Тиісті өзгерістер енгізілген заң жобасы "Ашық НҚА" сайтында талқылауға жарияланды, деп жазады tengritravel.kz.

Құжатта рейс тоқтатылғанда, кешіктірілгенде немесе бағыты өзгергенде жолаушыларға қызмет көрсетуде өз міндеттерін дұрыс орындамаған әуекомпанияларға айыппұлды айтарлықтай көбейту ұсынылған.

Құжатта қазіргі кезде әуетасымалдаушы тек рейс тоқтатылғанда немесе кешіктірілгенде ғана жауапты екенін, ал "рейс мәртебесін өзгерту" ұғымы жоспарланған бағыттан маршрутты өзгерту, рейс уақытын ауыстыру, рейсті тоқтату, яғни ұшу (қону) уақытына немесе маршрутқа әсер ететін кез келген өзгерісті білдіретіні көрсетілген.

Заң жобасын әзірлеушілер әуетасымалдаушылар осы олқылықты пайдаланып, жолаушыларға келтірілген қолайсыздық үшін жауапкершіліктен жалтаратынын атап өтті.

"Қазіргі уақытта рейс мәртебесінің түрлі өзгерістері кезінде жолаушыларға қызмет көрсетпеу немесе өз міндетін орындамау жағдайында әуекомпанияларды жауапкершілікке тарту мүмкін емес. Осыған байланысты, ӘҚБтК 567-бабын "Қазақстан Республикасы әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тасымалдаушының жолаушыларға рейс мәртебесі өзгерген жағдайда қызмет көрсету жөніндегі міндеттерін орындамауы немесе тиісті орындамауы" деп өзгерту ұсынылады", - делінген құжатта.

Олар мұндай заңбұзушылықтар үшін айыппұл мөлшерін 2 есеге арттыруды ұсынады. ӘҚБтК 567-бабының жаңа редакциясы бойынша алғашқы заңбұзушылық үшін айыппұл мөлшері 400 айлық есептік көрсеткішке дейін, ал бір жыл ішінде қайталанған жағдайда 2000 АЕК-ке дейін жетуі мүмкін.

Заң жобасының әзірлеушілері мұндай өзгерістердің қажеттілігі жолаушылар ағынының өсуі және "рейс мәртебесі өзгерген кезде тасымалдаушының өз міндеттерін орындамауы немесе тиісті орындамауы жағдайларының көбеюімен" байланысты екенін атап өтті.

2022 жылы рейстің 20 302 кідіруі тіркелсе, 2023 жылы – 16 666, ал 2024 жылдың қыркүйек айына дейін – 17 827 кідіру тіркелген.