ТҮРКІСТАН: Мәдениет үйлерінің құрылысы қаралды

0
147

Нысандардың құрылыстарына жауапты салалық басқармалар мен аудан әкімдері орынбасарларының жауаптары тыңдалды.


ТҮРКІСТАН: Мәдениет үйлерінің құрылысы қаралды

«AMANAT» партиясының Түркістан облыстық филиалы жанындағы Партиялық бақылау комиссиясының кезекті жұмыс жиыны өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Облыстық партия филиалының төрағасы Алтынсары Үмбетәлиевтің жетекшілігімен өткен мәжіліске облыстық партиялық бақылау комиссиясы төрағасының орынбасары Еркебұлан Хандиллаев, комиссия мүшелері, облыстық мәдениет басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев, облыстық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Еркін Забиров, Кентау қаласы және Сауран, Төлеби, Түлкібас аудандары әкімдерінің орынбасарлары, жергілікті әкімдіктердің құрылыс бөлімдерінің басшылары, мердігер, авторлық және техникалық қадағалаушы мекемелердің өкілдері қатысты.


Мәжілісте сөз алған Алтынсары Дүйсенбекұлы мәдениет саласын дамыту көрсеткіштері партияның Сайлауалды бағдарламасының маңызды тармақтары болып енгенін айтты.


«2025 жылғы 2 қазанда «AMANAT» партиясы жанындағы Азаматтық қоғам мен мәдениетті дамыту жөніндегі «MIRAS» республикалық кеңесінің отырысында еліміздегі мәдениет объектілерін салу, жөндеу жұмыстары және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы халыққа Жолдауында көтерген жасанды интеллекті дәуіріндегі мәдениет пен өнерді дамыту жолдары талқыланды. Кеңес отырысында біздің облыста салынып жатқан мәдениет нысандарына қатысты мәселе көтерілді. Салынып жатқан мәдениет нысандарына мониторинг жүргізу, партиялық бақылау комиссиясының жұмыс жиынын өткізу және қорытындысы бойынша нақты ақпарат беру тапсырылды. Осыған байланысты, бүгінгі жиында Сайлауалды бағдарламаның орындалуы мен «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында құрылыстары жүргізіліп жатқан мәдениет нысандарындағы өзекті мәселелер мен оларды шешу жолдарын талқылайтын боламыз», - деді.


Күн тәртібінде қаралған мәселе бойынша партияның Түркістан облыстық филиалының партиялық бақылау жөніндегі инспекторы Асқар Еркінбеков хабарлама жасады. Хабарламада облыстық, аудандық партиялық бақылау комиссиялары жүргізген мониторинг жұмыстарының қорытындысы жарияланды.


«Жалпы, бізге берілген мәліметке сәйкес, 2023-2025 жылдары 20 мәдениет нысандарының құрылысы жоспарланған. Оның ішінде, 2023 жылы 4 мәдениет нысанының құрылысы басталып, 2024 жылға өтпелі болған, 2024 жылы барлығының құрылыс жұмыстары толығымен аяқталып, пайдалануға берілген. Сонымен қатар, 2024 жылы 7 мәдениет нысанының құрылысы басталып, 2025 жылға өтпелі болған. Биыл осы объектілердің ішінде Бәйдібек ауданында 1 нысан, Мақтаарал ауданында 2 нысан пайдалануға берілген. Қалған 4 нысанның: Кентау қаласындағы, Сауран, Төлеби, Түлкібас аудандарындағы нысандардың құрылыстары жыл соңына дейін аяқталады деп жоспарланғанымен, бірқатар өзекті мәселелер бар екені анықталып отыр», - деді Асқар Еркінбеков.


Жиын барысында Түлкібас ауданы, Келтемашат ауылдық округі, Даубаба ауылындағы 100 орындық клубтың, Сауран ауданы, Бабайқорған ауылдық округіндегі 120 орындық мәдениет үйінің, Кентау қаласына қарасты Қарнақ ауылындағы 300 орындық мәдениет үйінің және Төлеби ауданы, Киелітас ауылдық округі, Киелітас ауылындағы 140 орындық мәдениет үйінің құрылыстарына қатысты өзекті мәселелелер көтерілді. Нысандардың құрылыстарына жауапты салалық басқармалар мен аудан әкімдері орынбасарларының жауаптары тыңдалды.


Түлкібас ауданындағы клуб құрылысы 90 пайызға аяқталғаны, құрылыс жұмыстарын толық көлемде атқару үшін 143,0 млн. теңге көлеміндегі қаржы мәселесін шұғыл шешу керектігі хабарланды. Сауран ауданындағы мәдениет үйінің құрылысы 70 пайызға орындалғаны, әрлеу және абаттандыру жұмыстарының сапасын қатаң қадағалауда ұстау керектігі айтылды. Кентау қаласына қарасты Қарнақ ауылындағы мәдениет үйінің құрылыс көлемі де 70 пайызға аяқталған, нысанды толық іске қосу үшін 377,0 млн. теңге керек екені жеткізілді.


Ал Төлеби ауданындағы мәдениет үйінің құрылысы 2023 жылдан бері созылып келе жатқаны, мердігер ұйым мен авторлық қадағалаушы ұйым арасында техникалық келіспеушіліктер туындап, құрылыс процессі едәуір қиындықтарға тап болғаны мәлімделді. 2023 жылы жобаны жүзеге асыруға 305,9 миллион теңге бөлініп, оның 87,9 миллион теңгесі ғана игерілген. Құрылыс жұмыстары кеш басталуына байланысты уақтылы игерілмей қалған 217,9 миллион теңге республикалық бюджетке кері қайтарылған. 2024 жылы нысан құрылысын жалғастыруға облыстық бюджеттен 31,7 миллион теңге бөлініп, толық игерілген. Ал 2025 жылы облыстық бюджеттен 97,9 миллион теңге қарастырылып, бүгінгі күнге дейін оның 30 миллион теңгесі ғана игерілген. Жобаны толық аяқтау үшін қосымша 100 миллион теңге қаржы қажет екені айтылды.


Сондай-ақ партиялық бақылау инспекторының хабарламасында 2025 жылы жаңадан 9 мәдениет нысанының құрылысы басталғаны хабарланып, олардың барлығы да 2026 жылға өтпелі екені айтылды. Аталған нысандар Сарыағаш ауданының – Жылға, Жонарық Мәдениет, Келетің – Карл Маркс ауылында, Жетісайдың – Жылы су, Ордабасының – Бадам, Түлкібастың – Ынтымақ, Т.Рысқұлов, Сауранның – Шорнақ елді мекендерінде салынып жатқаны мәлімделіп, олардың құрылыстарына қатаң қадағалау жүргізу тапсырылды.


Жиында қаралған мәселе бойынша Түркістан облыстық мәдениет басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында және жергілікті бюджеттен құрылыс жұмыстары жүріп жатқан мәдениет нысандары туралы есеп берді.


«Биыл облыс көлемінде 16 мәдениет нысанының құрылысы жүріп жатыр. Соның ішінде 6 құрылыс жұмыстары жыл соңына дейін аяқталып, пайдалануға беріледі. Қалған 10-ы 2026 жылға өтпелі. Бүгінге дейін Бәйдібек ауданы, Амансай елді мекенінде 150 орындық мәдениет үйі, Мақтаарал ауданы, Ж.Қалшораев елді мекенінде 200 орындық мәдениет үйі мен кітапханасы және Түркістан қалалық мәдениет үйі пайдалануға берілді. Құрылысы жүріп жатқан 3 нысанның қатарында Мақтаарал ауданы, Ынталы елді мекенінде 200 орындық мәдениет үйі мен кітапханасы, Түлкібас ауданы, Дәубаба ауылында 100 орындық мәдениет үйі, Сауран ауданы, Бабайқорған ауылында 120 орындық мәдениет үйі бар», - деді Әзімхан Серікұлы.


Жиында мәдениет нысандарының сапалы әрі уақтылы салынуына қатысты мәселелер көтеріліп, тиісті мекемелерге және аудан әкімдіктеріне нақты тапсырмалар берілді, құрылыс барысын жеделдету және сапаны арттыру бойынша ұсыныстар айтылды. Партия бұл бағыттағы жұмыстарды жүйелі қадағалап, әрбір ауылдағы мәдениет нысандарының тұрғындарға қолжетімді болуын басты назарда ұстайтын болады.

«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі

Бөлісу