Рентген зерттеуінен кейін шегенің омыртқаның мойын бөлігінен өткені анықталды.
ERNUR.KZ. Петропавлда дәрігерлер мойнына шеге қадап алған ер адамды аман алып қалды, деп жазады sputnik.kz.
51 жастағы ер адам құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатып, шеге ататын пистолетпен өзіне шеге қадап алған.
Ол көпбейінді қалалық жедел медициналық жәрдем ауруханасына жүгінген.
"Рентген зерттеуінен кейін шегенің омыртқаның мойын бөлігінен өткені анықталды. Ер адамның көрер жарығы бар екен, өмір сүруіне маңызды органдары зақым алған жоқ. Жақсүйек-бет хирургтары шегені алып, жараны емдеп, науқасты үйіне жіберді", - дейді ведомстводағылар.
Дәрігерлердің айтуынша, мойын тұстан жарақат алу өте қауіпті. Өйткені мойынның маңайынан үлкен тамырлар, жүйке жүйелері, тыныс алу жолдары және жұлын өтеді. Тіпті кішкене ғана зақым алудың салдары ауыр болуы мүмкін.