Қазақстанда «смартфон салығы» енгізілуі мүмкін

0
851

Ұялы құрылғылардың IMEI кодтары қайта тіркеледі.


Қазақстанда «смартфон салығы» енгізілуі мүмкін

ERNUR.KZ. Қаржы министрлігі бизнесмендерді жаңа мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасына серіктес болуға шақырып жатыр. Серіктес компания алда өтетін тендер арқылы анықталмақ, деп жазады inbusiness.kz.

Ведомствоның түсіндіруінше, МЖӘ жобасы «IMEI кодтары арқылы мобильді құрылғыларды тіркеудің бірыңғай автоматтандырылған жүйесін құру» деп аталады.

«Жобаның мақсаты – мобильді құрылғыларды анықтау процестерін оңтайландыру және SIM-карталарды қолдайтын, елге импортталған барлық мобильді құрылғылар бойынша кедендік және салықтық төлемдерді тиімді жинауды қамтамасыз ету болып табылады», – деді Ерұлан Жамаубаевтың министрлігі.

Бірақ бұл жоба қоғамда қаптаған сұрақ туғызды. Себебі 2018 жылдан бері Қазақстанда мобильді аппараттарды есепке қою науқаны жүргені мәлім. Сонда мемлекет барлық смартфон, планшеттердің IMEI-кодын иесінің төл ЖСН-ымен байланыстырып, мәжбүрлі тіркеткізді. ІІМ елде IMEI-кодтардың бірыңғай базасы құрылғаннан кейін полицейлер жоғалған не ұрланған телефонды алыстан бұғаттап тастап, тез тауып беретінін мәлімдеді. Тіпті, осы кодтардың тіркелуін тексеру сервисі де құрылған. Алайда қолды болған смартфондар сол бойы табылмай жатыр. Үкіметтің бұрынғы жобасы ұрлықтан құтқара алмағанға ұқсайды.

Полицияның мәліметінше, оның ұялы телефонының ИМЕЙ-коды ІІМ базасында «Криминалды заттар» санатына көшірілген. Қолды болғаннан бері ол смартфон «активацияланбаған», қосылмаған.

Жамаубаевтың жауабы Ескі жоба қайтарым бермей тұрғанда, IMEI-кодтарға қатысты жаңа жобаға тендер жариялануы жөнсіз көрінеді.

Журналистердің осыған қатысты сұрақтарына қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев жауап берді. Оның айтуынша, IMEI кодтары арқылы мобильді құрылғыларды тіркеудің бірыңғай автоматтандырылған жүйесін құру жобасына мемлекеттің әріптесі – жеке инвестор өз ақшасын құяды.

«Жобаға бюджеттен ешқандай төлем жасалмайды, инвестициялық, операциялық шығындарын мемлекет өтемейді. Жобаны басқару үшін сыйақы қарастырылмаған. Сондай-ақ жобаны тең қаржыландыру, оның базасына кіру үшін ақы төлеу қарастырылмаған», – деді бас қаржыгер.

Ендеше инвестор өз салымын қалай қайтарады, қайтіп табыс табады? Сөйтсе, кірісті күреп табатынға ұқсайды.

«Жобаны жүзеге асыру кезінде қызмет көрсетуден табатын коммерциялық табысы – жеке әріптестің кіріс көзі болады. Түсіндіре кетсек, шетелден мобильді құрылғыларды импорттайтын компаниялар әрбір құрылғы аталған желіде тіркелуі үшін тіркеу алымын (регистрационный сбор) төлеуге міндеттеледі», – деді қаржы министрі.

Бірақ ұялы құрылғыларды елге әкелетін байланыс операторлары, смартфон өндіретін жаһандық алпауыттардың еліміздегі дилерлері мен ресми өкілдіктері, былайғы жұртшылық шетелден тасыған әрбір смартфон мен планшетті тіркеу үшін қанша төлейтінін министр айтпады.

«Ол тариф жеке серіктесті анықтауға бағытталған тікелей келіссөздерді жүргізу жөніндегі комиссияның шешімімен анықталады. Бұл жоба сондай-ақ мобильді құрылғылардың көлеңкелі нарығын заңдастыруды, одан мемлекеттік бюджетке түсетін түсімді 2,5 есе арттыруды көздейді», – деді Ерұлан Кенжебекұлы.

Ол 2018 жылдан бері құрылған ИМЕЙ-кодтар базасының неге жарамайтынын түсіндірді.

«Қазіргі кезде Қазақстанда бар, ұялы телефондарды иесінің ЖСН-іне байланыстырып тіркеу жүйесі мобильді құрылғылардың контрабандасының, қолдан жасалуының, көлеңкелі айналымының, елге заңсыз әкелінуінің жолын кесуге мүмкіндік бермейді. Қолданыстағы жүйе тек ұялы байланыс операторларының көмегімен жеке тұлғалар жолдайтын деректерді қашықтан жинайды. Ал жаңа МЖӘ жобасы елге контрабандалық өнімдерді әкелу легін азайтып қана қоймай, ұялы телефондардың ұрлануына тосқауыл қояды», – деп сендірді министр.

Өзгенің «қаңсығы» емес пе? Шынында, жобаның міндеттері қатарында: «мобильді құрылғыларды ұрлауды нөлге дейін жеткізу; терроризмге қарсы күрес үшін тиімді процестерді қалыптастыру» атап көрсетілген. Осы сала тізгінін басыбайлы өз қолына алатын монополисттің ол міндетті қаншалықты ұтымды әрі толыққанды орындайтыны белгісіз. Алайда осы жоба іске қосылғаннан кейін ұялы телефондар қымбаттап шыға келуі ықтимал. «Біреудің қаңсығы біреуге таңсық» дейді халқымыз.

Өзбекстандық ай-ти маманы Шерзод Фузайлов МЖӘ инвесторы тек заңды түрде әкелінген мобильді құрылғылардың тізілімін жүргізумен айналысуы мүмкін дейді.

«Дәл осындай жоба Өзбекстанда былтырғы сәуірде іске қосылды. Бастапқыда онда ұялы телефондар тегін әрі автоматты режимде тіркелетін. Ал желтоқсанда жүйенің бұл қызметі ақылы болып шыға келді. Тарифі әртүрлі және базалық есептік шаманың (223 мың сумға тең) 10–25%-ы аралығында құбылады. Халық бұған наразы болып, «Mening fikrim» порталында жаппай петицияға қол қойды. Себебі импорттаушылардан шетелден смартфондар әкелгені үшін бір алым жинайды. Одан кейін соны сатып алған азаматтан онысын IMEI-і бойынша жүйеде тіркеткені үшін тағы алым төлеуді талап етеді. Мұны бізде «смартфон салығы» деп атайды», – дейді өзбек сарапшысы.

Оның айтуынша, егер ұялы телефоныңызда 2 сим-карта болса, бұл алым екі есе көбейеді. Өзбектер жаңа мобильді құрылғысының IMEI-кодын байланыс операторы, SMS немесе USSD сұрау, пошта, сондай-ақ жүйе операторының сайты арқылы тіркеп, төлем енгізеді. Қазақстанда да осыған ұқсас жүйе іске қосылуы ықтимал.