Қазақстанда смартфондарды тіркеу және бұғаттау: жаңа мәлімет айтылды

0
230

24 наурыздан бастап Қазақстанда "ақ", "сұр" және "қара" смартфондар тізімі енгізілді.


Қазақстанда смартфондарды тіркеу және бұғаттау: жаңа мәлімет айтылды

Фото:depositphotos.com

ERNUR.KZ. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі (ЦДИАӨМ) абоненттік құрылғыларды тіркеудің жаңа ережелері туралы толығырақ мәлімет берді, деп жазады tengrinews.kz.

24 наурыздан бастап Қазақстанда "ақ", "сұр" және "қара" смартфондар тізімі енгізілді. Ақ тізімге верификациядан сәтті өткен және дерекқорға енгізілген құрылғылар кіреді. Сұр тізімге мәртебесі қосымша тексеруді қажет ететін, бірақ уақытша 30 күнге желіде жұмыс істеуге рұқсат етілген құрылғылар енеді. Қара тізімге IMEI-коды дұрыс емес құрылғылар кірді. Мұндай құрылғылар ұялы байланыстан ажыратылады. Олар 24 мамырға дейін верификациядан өтуі тиіс.

Жаңа ережелерге байланысты министрлік бірқатар деректерді нақтылады. Мысалы, маркетплейс арқылы, алдын ала төлемсіз сатып ала алмайтын телефон аларда оны қалай тексеруге болады?

"Егер сатып алушы қазақстандық маркетплейстер арқылы телефон сатып алса, ол құрылғыны отандық сатушыдан алады, ал сатушы өзі құрылғыны верификациядан өткізеді. Қазір қазақстандық маркетплейстер құрылғылар сипаттамасында сайтта IMEI-кодтарды көрсету мүмкіндігін қарастырып жатыр. Осылайша, отандық сатушылардан сатып алу кезінде сатып алушы тапсырыс рәсімдеу сатысында-ақ құрылғының IMEI-кодын көре алады", – деп хабарлады ЦДИАӨМ редакцияның ресми сауалына берген жауабында.

Министрлік бұл жаңашылдықтар Қазақстандағы дистрибьюторлардың қызметін шектеуге бағытталмағанын атап өтті. Енгізілген өзгерістер тек мобильді құрылғыларды верификациялау тәртібіне қатысты.

"Жаңа талаптар сату арналарын шектемейді – бизнес құрылғыларды верификациялау арқылы жұмысын жалғастыра алады. Сатып алу алдында IMEI-кодты тексеруге кеңес береміз, өйткені тауарды сатып алу туралы соңғы шешімді тұтынушы қабылдайды. Бұл бұйрықтың мақсаты – көлеңкелі нарықпен күресу арқылы нарықты ашық ету", – деді министрліктегілер.

Бұйрықта айтылғандай, шектеулер 24 наурыздан кейін елге әкелінген құрылғыларға қолданылуы мүмкін. Қазақстанға қанша техника әкелінгені әзірге белгісіз. Алайда министрлік 60 күн ішінде (24 мамырға дейін) сатылмаған, қоймада қалған құрылғыларды верификациялауға барлық сатушылардың мүмкіндігі бар екенін атап өтті. Бұл уақыт верификациялау процесін аяқтауға жеткілікті.

25 мамырдан кейін IMEI-кодтың мәртебесін тексеріп, смартфонды верификациялауға болатын сайт жұмысын жалғастыра береді. Сатушылар жаңа құрылғыларды әрі қарай да верификациялай алады. Алайда 25 мамырдан кейін верификацияланбаған құрылғылар үшін ұялы байланысты пайдалану шектеулері енгізіледі.

"Біз құрылғыларды әкелуге тыйым салмаймыз, сатуға да шектеу қоймаймыз. Біз тек құрылғының шығу тегін растау міндетін енгізіп отырмыз. (...) Бұйрықтың мақсаты – мобильді құрылғылар нарығын ашық ету, әділ бәсекелестік пен тұтынушыларды көлеңкелі нарықтан қорғау үшін жағдай жасау. Мобильді құрылғыларды верификациялау қаржылық шығынды қажет етпейді", – деп қосты министрлік өкілдері.

IMEI (International Mobile Equipment Identity) – бұл мобильді жабдықтың халықаралық сәйкестендіргіші, яғни бірегей код. IMEI мобильді желіде құрылғыны анықтайды; ұрланған жағдайда операторға телефонды бұғаттауға көмектеседі; құрылғының түпнұсқалығын тексеруге қолданылады.