Су ресурстары министрлігі жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламасына жаңа мамандықтарды енгізуді ұсынып отыр.
ERNUR.KZ. Су ресурстары және ирригация министрлігі халықаралық серіктестермен бірлесіп отандық жоғары оқу орындарында жаңа "Су дипломатиясы" мамандығын енгізуді жоспарлап отыр, деп жазады sputnik.kz.
Министрлік жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру мамандықтарының қолданыстағы жіктеуішіне түзетулер енгізіп, бірқатар мамандықты қосуды ұсынды.
Олар:
"Гидротехникалық құрылыс және нысандар",
"Мелиорация және суармалы егіншілік",
"Елдімекендерді сумен жабдықтау және су бұру",
"Су ресурстарын басқару",
"Гидротехникалық мелиорация",
"Су шаруашылығындағы технологиялық процестерді автоматтандыру және басқару",
"Инновациялық технологиялар және оларды су шаруашылығында пайдалану",
"Ирригациялық жүйелердегі гидроэнергетикалық нысандар",
"Гидромелиорациялық жұмыстарды механикаландыру",
"Су шаруашылығы экономикасы".
Ведомство ақпаратынша, дәл осы мамандықтарды магистратура және докторантура бағдарламаларына да қосу ұсынылады. Ал бейінді жоғары оқу орындарының студенттері гидротехникалық құрылыстардың барлық түрі бар министрліктің ведомстволық бағынысты ұйымдарында өндірістік практикадан өтеді деп жоспарлануда.
"Сондай-ақ, министрлік қазақстандық студенттерді су саласы мамандықтары бойынша жақын және алыс шет елдердің жоғары оқу орындарында оқыту үшін грант бөлу мәселесін де қарауға ниетті. Бұдан бөлек, су шаруашылығы қызметкерлерінің біліктілігін арттыру орталықтары ұйымдастырылады. Ал халықаралық серіктестермен бірлесіп жоғары оқу орындарында жаңадан "Су дипломатиясы" мамандығын енгізу жоспарлануда", - деп хабарлады су ресурстары министрлігі.
Сондай-ақ су шаруашылығы мамандарының жалақысын көтеру мәселесі де назардан тыс қалмайды, деп атап өтті ведомстводағылар.