Қазақстанда тағы бір әкім өз-өзіне қол салды

0
95

48 жастағы ер адамның мәйіті табылды.


Қазақстанда тағы бір әкім өз-өзіне қол салды

Ulysmedia.kz коллажы

ERNUR.KZ. Солтүстік Қазақстан облысында Ақжар ауданы Май ауылдық округінің әкімі Ерлан Смайыловтың өліміне қатысты тергеу жүргізіліп жатыр, деп жазады ulysmedia.kz.

ПОЛИЦИЯНЫҢ МӘЛІМДЕМЕСІ

Әлеуметтік желілерде оның өзіне қол жұмсағаны туралы ақпарат тарады. Полиция бұл деректі растады.

— 18 мамыр күні Солтүстік Қазақстан облысындағы Май ауылында 48 жастағы ер адамның мәйіті табылды. Өз-өзіне қол жұмсау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр, қажетті тергеу амалдары жүргізілуде, — деп мәлімдеді облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

АҚТӨБЕДЕГІ ЕКІ ӘКІМНІҢ ӨЛІМІ

Еске салайық, 2026 жылғы 6 мамырда Кенқияқ ауылдық округінің бұрынғы әкімі, 43 жастағы Қуанышбек Серікжановтың өз-өзіне қол жұмсағаны белгілі болды. Оның денесі өз үйінде табылған.

Ол мемлекеттік қызметте 2014 жылдан бері жұмыс істеген. 2023 жылдың қазан айында Кенқияқ ауылдық округінің әкімі болып тағайындалған. Әріптестері оны отбасына адал азамат, қызметіне жауапты маман ретінде сипаттайды – артында жұбайы мен төрт баласы қалды.

Қайғылы жағдайдан екі күн бұрын, яғни 4 мамырда ол әкімдікке келіп, әрі қарай қызметін жалғастырмайтынын айтып кеткен. Әріптестері оның шешімін қайта қарауын сұрағанымен, ол өз ұстанымын өзгерпеген. 5 мамыр күні оның жұмыстан босатылуы туралы бұйрыққа қол қойылған. Ал 6 мамыр күні таңертең ол өз шаңырағында өлі күйде табылды.

Шенеуніктің қоштасу хаты табылмаған, өмірінің соңғы сағаттары туралы дерек жоқ. Отбасы да бұл жағдайға байланысты ресми пікір білдірмеген.

Серікжанов – Ақтөбедегі өз-өзіне қол салған алғашқы әкім емес.2025 жылдың желтоқсанында Темір қаласының әкімі Еркін Далмағамбетов те дәл осындай жағдайда өмірден өткен. 46 жастағы қала басшысының денесі өз үйінің ауласынан табылған. Оның артында алты баласы қалды.

Осылайша, бір аудан аумағында бес ай ішінде екі бірдей әкімнің өз-өзіне қол жұмсауы қоғамда күдік туғызып, аталған істерге үшінші тұлғалардың қатысы жоқ па, қызметтік қысым көрсету немесе қоқан-лоқы жасалмады ма деген сұрақтарды көлденең тартты. Ал құзырлы органдардың жауабы әдеттегідей хаттама шеңберіндегі ресми тұжырымдардан әрі аспады.