Қазақстанда терроризм үшін сотталғандарды оңалтуға бірнеше миллион доллар бөлінеді

0
1 047

Бүгінде Қазсқтанда 500-ден астам адам экстремизм мен терроризм үшін жазасын өтеп жүр. Олардың үштен бірін радикализациядан шығару қажет.


Қазақстанда терроризм үшін сотталғандарды оңалтуға бірнеше миллион доллар бөлінеді

ERNUR.KZ. ҚР Ішкі істер министрлігі мен БҰҰ-ның арнайы басқармасы қылмыстық атқару жүйесіне қарасты мекемелерде экстремизмге қарсы күрес жөніндегі жоспарды рәсімдеді, деп жазады ҚазАқпарат.

Аталған жоспар экстремизм мен терроризм үшін сотталғандармен жұмысты ұйымдастыру және олардың арасында радикализацияның алдын алу туралы бірлескен жаһандық бағдарламасы аясында әзірленді. Бағдарламаның жалпы бюджеті - 9,1 миллион АҚШ доллары. Оны Еуропалық одақ (4,7 млн), Нидерланды Корольдігі (1,4 млн) және БҰҰ Терроризмге қарсы басқармасы (3 млн) ұсынып отыр. Бағдарлама бенефициарлары - Қазақстан, Тунис және Уганда, яғни осы үш мемлекетте бірлескен жоспарды іске асыру жоспарланған. ҚР ІІМ Қылмыстық атқару жүйесі комитетінің төрағасы Азамат Базылбековтің айтуынша, бағдарламаны БҰҰ Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасымен бірлесе әзірленді. Соның негізінде қылмыстық атқару жүйесінің қызметкерлері арнайы дайындықтан өтеді.

"Осы бағдарламаның арқасында біз өз мамандарымыздың кәсіби біліктілігін арттыра аламыз деген сенім бар. Себебі дәл осы қызметкерлер экстремизм мен терроризм үшін сотталғандармен жұмыс істейді, ондай азаматтардың қоғам өміріне араласып кетуіне көмектесіп отырады. Әрине, шетелдік тәжірибенің маңызы зор. Өйткені бағдарламаға xалықаралық сарапшылар да қатысады. Осының бәрі жақсы нәтиже береді деп сенеміз", - деді А.Базылбеков журналистерге берген сұxбатында.

Оның сөзіне қарағанда, бүгінде Қазсқтанда 500-ден астам адам экстремизм мен терроризм үшін жазаны өтеп жүр. Олардың үштен бірін радикализациядан шығару қажет.

"Қазіргі кезде біз нақты мекемені анықтап жатырмыз. Бәлкім, ерлер мен әйелдер отыратын екі мекеме болады. Себебі аталған бағдарлама әзірше пилоттық режимде қолға алынады. Тәжірибені жинақтағаннан кейін оны барлық мекемелерге таратамыз", - деп атап көрсетті А.Базылбеков.

Айта кетейік, бағдарлама аясында ІІМ Қостанайдағы академиясы негізінде арнайы орталық ашылады. Сол жерде қылмыстық атқару жүйесінің қызметкерлері теологиялық оңалту негіздерін меңгереді. Бұдан бөлек, арнайы әлеуметтік зерттеулер жүргізіледі. Экстремизм мен терроризм үшін сотталғандарды қоғам өміріне қаншалықты бейімделіп жатқанына да баға беріледі.