Бұл жылжымайтын мүлікті сатып алу процесін әр азамат үшін одан да қолжетімді және қауіпсіз етуге мүмкіндік береді.
фото: Sputnik / Владислав Воднев
ERNUR.KZ. Қазақстанда қолданыстағы тұрғын үйді ипотекаға онлайн сатып алу бойынша пилоттық жоба қолға алынды, деп жазады sputnik.kz.
"Цифрлық ипотека" жобасы аясында қолданыстағы баспананы ипотекаға сатып алу және сату бойынша барлық рәсімді - өтінім беруден бастап тіркеу туралы құжаттарды алуға дейін мәмілені толығымен онлайн ресімдеуге мүмкіндік бар. Банк, нотариус және тіркеуші органдар бірыңғай цифрлық платформа арқылы өзара іс-қимыл жасайды.
Жаңа жүйе қалай жұмыс істейді
Үйдің иесі мен сатып алушы алдымен жүйеде авторизациядан өтіп, өз әрекеттерін электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) көмегімен растайды. Ал жүйе автоматты түрде қатысушылардың жеке басын, баспанаға меншік құқығын, меншікке бұғаттың салынбауы немесе басқа шектеулердің бар-жоғын тексереді.
Ал нотариус мәмілені бейнебайланыс арқылы онлайн-форматта куәландырады. Осыдан кейін шарттың электрондық көшірмесі тіркеу үшін "Жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастры" ақпараттық жүйесіне жіберіледі. Сол кезде мүліктің жаңа иесі процедураның аяқталғаны туралы хабарлама алады.
"Цифрлық ипотеканың" артықшылықтары:
барлық іс-әрекеттер жеке қолтаңбамен бірдей заңды күші бар ЭЦҚ-мен расталады;
сервис құжаттарды қолдан жасау немесе алаяқтық мәмілелер жасау мүмкіндігін болдырмайтын мемлекеттік дерекқорлармен біріктірілген;
жүйе қатысушылардың және объектінің деректерін автоматты түрде тексереді, сонымен қатар барлық әрекеттерді электронды журналға жазады;
мәмілеге қатысушылар әр кезеңде хабарлама алады, ал құжаттар қорғалған цифрлық мұрағатта сақталады;
барлық құжат онлайн режимінде қол жетімді және толық заңды күшке ие.
"Электрондық ресімдеу сервистері мен "цифрлық ипотека" екінші деңгейдегі банктердің платформаларында кезең-кезеңімен енгізіліп, халық арасында белсенді жүргізілетін болады. Бұл жылжымайтын мүлікті сатып алу процесін әр азамат үшін одан да қолжетімді және қауіпсіз етуге мүмкіндік береді", - дейді мамандар.