Алдағы эпидемиялық кезеңде мектептерде санитарлық шаралар күшейтіледі.
Фото: Қызылорда облысы білім басқармасы
ERNUR.KZ. Қазақстан мектептерінде тұмау мен жедел респираторлық вирустық инфекциялар эпидемиялық кезеңде жаңа шаралар енгізіледі. Егер бір сыныпта 30% және одан да көп оқушы сырқаттанса, бүкіл сынып онлайн оқуға көшіріледі, деп жазады stan.kz.
Алдағы эпидемиялық кезеңде мектептерде санитарлық шаралар күшейтіледі. Егер бір сыныптағы оқушылардың 30%-ы немесе одан көп бөлігі тұмаумен не ЖРВИ-мен ауырса, сынып түгелдей онлайн оқуға ауысады. Бұл туралы бас санитарлық дәрігердің қаулысында айтылған.
Сыныптағы 20-30% оқушы ауырған жағдайда кабинет жүйесі уақытша тоқтатылады. Сондай-ақ он күн бойы бұл сыныпқа жаңа балалар қабылданбайды.
Балабақшалар мен мектептерде күнделікті "таңғы сүзгі" жүргізіледі: тұмау, ЖРВИ немесе COVID-19 белгілері бар балалар сабаққа жіберілмейді.
Сонымен қатар 15 қыркүйектен бастап елде тұмауға қарсы вакцинация басталады. 1 қыркүйекке дейін екпе алатындардың тізімі жасақталуға тиіс, ал 10 қыркүйекке дейін барлық медициналық ұйымдардың эпидемиялық кезеңге дайындық жұмыстары аяқталуы қажет.
Медициналық мекемелерге тұмау мен ЖРВИ-ге шалдыққандарды ғана емес, коронавирус инфекциясымен ауырғандарды да қабылдап, COVID-19-ға зертханалық тексеру жүргізу тапсырылды.
Еске салайық, бұған дейін Алматыда студенттер мен оқушылар қатты смог кезінде онлайн оқуға жіберілетінін жазған едік. Қалалық экология және қоршаған ортаны қорғау басқармасы әзірлеген құжат Ашық НҚА порталында жарияланды. Ережелер қаланың географиялық ерекшеліктері мен ауаның ластануын ескере отырып жасалған. Қатты смог кезінде оқушылар мен студенттер онлайн оқуға көшеді, білім беру ұйымдары ауа тазартқыштар орнатып, ішкі ауаның сапасын бақылауға тиіс. Сондай-ақ шығарындыларды азайту, қоқыс пен қалдықтарды жағуға тыйым салу, пиротехника өндірісін шектеу қарастырылған. Қалада ақылы экологиялық аймақ құру ұсынылып отыр, одан түскен қаражат қоғамдық көлік пен экобағдарламаларды дамытуға жұмсалады. Құжат жобасы 20 тамызға дейін талқыланады.