«OreVision IP» әдістемесі бойынша дипольдік электр барлау арқылы зондтау технологиясын канадалық Abitibi Geophysics компаниясы әзірлеген.
ERNUR.KZ. Елімізде тұңғыш рет кен орындарында геологиялық барлау жүргізуге арналған заманауи технология жүзеге асырылды, деп жазады Елорда Инфо.
«OreVision IP» әдістемесі бойынша дипольдік электр барлау арқылы зондтау технологиясын канадалық Abitibi Geophysics (Toronto, Canada) компаниясы әзірлеген. Әлемдегі санаулы елдің кен орындарында сәтті қолданылып жатқан бұл технология Қазақстанда тұңғыш рет жүзеге асырылуда. Пайдалы қазбаларды, жерасты суларды іздеу кезінде кез келген дала жағдайларында және инженерлік-геофизикалық зерттеулерде пайдалануда «OreVision IP» жүйесінің бірқатар артықшылығы бар. Атап айтқанда, «OreVision IP» технологиясы бойынша жерүсті электрлік барлау зерттеулерін жүргізу барысында 700-800 метрге дейінгі тереңдікті қамтуға болады. Яғни, электрлік барлау жұмыстарында қолданылатын дәстүрлі поляризацияны туындату әдісімен салыстырғанда 2 есе тереңдеу. Бұл технологиялардың тағы бір тиімділігі уақытты үнемдейді. Мысалы, бұған дейін геофизикалық жұмыстар 3-4 айға созылса, жаңа технологиялардың арқасында бұл уақыт 3 есеге қысқарады. Яғни, дрондарды қолдану арқылы аэромагниттік түсірілімдердің көмегімен магниттік, аэромагниттік жұмыстар бір айда аяқталса, интерпритациялауға 10 күн кетеді. Сонда 40 күннің ішінде біршама жұмыс жасалады.
«Kazakhmys Barlau» ЖШС Қарағанды облысына қарасты Қарқаралы ауданының «Озерное» кен орнында аталған технологияның таныстырылымын өткізіп, ұшқышсыз ұшақ әуеге көтеріліп, аталған учаскенің аэрофотосы мен аэровидеосы түсірілді.
Шараға «Kazakhmys Barlau» ЖШС бас директоры Ғалым Нұржанов пен ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Жер қойнауын пайдалану департаментінің директоры Руслан Баймишев, Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Алмас Айдаров, Abitibi Geophysics (Toronto, Canada) компаниясының бас геофизигі Пэм Коулс және «Орталыққазжерқойнауы» өңіраралық департаментінің өкілдері қатысты.
«Жаз айлары – геологияның нағыз жұмыс істейтін кезі. «Kazakhmys Holding» Корпорациясының тапсырмасы бойынша моноқалалардың жан-жағындағы минералды шикізатты ұлғайту мақсатында жобаларды жүзеге асырып жатырмыз. Сол бағдарламалар бойынша үлкен жұмыстар қолға алынуда. «Озерное» кен орны – Қарқаралы ауданындағы келешегі зор учаскенің бірі. Бұл жерде қазір геофизикалық, яғни магниттік, аэромагниттік жұмыстар жүргізілуде. Интерпретациялау, талдау жұмыстары жасалғаннан кейін бұрғылау жұмыстарын бастаймыз», – дейді «Kazakhmys Barlau» ЖШС бас директоры Ғалым Нұржанов.
Оның айтуынша, «Озерное» кен орнында 400 мың тоннадан аса мыс шығуы мүмкін. Бірақ заманауи технологияның көмегімен бұл жерден шығатын мыс көлемін 1 млн тоннаға жеткізіп, кен орнын ұлғайту жоспарда бар көрінеді. Егер кен орнындағы межелеген жоспар ойдағыдай жүзеге асса, осы төңіректе фабрика салынып, оған жергілікті жұрт жұмысқа тартылмақ. Қазіргі уақытта шетелдік технологияны еліміздің мамандары үйреніп жатқан көрінеді. Алдағы уақытта аталған технологиямен кен орнында 100 пайыз қазақстандық мамандар жұмыс істейді деседі.
Жобаға сәйкес, «Озерное» учаскесінде магниттік барлау жұмыстарын жүргізудің жалпы көлемі – 850 қ.км, ал «OreVision IP» әдісімен электрлік барлау жұмыстары 68,8 қ.км (тор 250х25) құрайды.
Айта кетсек, бұл жобада бас серіктес ретінде жұмыс жүргізетін «Nomad Geo Service» ЖШС – канадалық Abitibi Geophysics компаниясының Қазақстан мен ТМД елдеріндегі геофизикалық технологиялар жөніндегі ресми өкілі.