Қазақстанда Ұлттық бірыңғай тестілеу басталды

0
937

2020 жылдың 16-20 қаңтары аралығында 95 мыңнан астам үміткер ҰБТ тапсырады.


Қазақстанда Ұлттық бірыңғай тестілеу басталды

ERNUR.KZ. Бүгін Қазақстанның жүзге жуық тестілеу пунктінде Ұлттық бірыңғай тестілеудің алғашқы кезеңі басталды, деп жазады ҚазАқпарат.

2020 жылдың 16-20 қаңтары аралығында 95 мыңнан астам үміткер ҰБТ тапсырады.

Айта кетейік, жоғары оқу орнына ақылы негізде түсу үшін ҰБТ жылына 4 рет өткізіледі (қаңтар, наурыз, маусым және тамыз). Бұл ретте, оқуға түсушілер білім гранты конкурсына қатысу үшін маусым айында өтетін ҰБТ-ны тапсыруы қажет. Жалпы, Ұлттық бірыңғай тестілеуді тапсыру форматы өзгерген жоқ. Бұл норма жоғары білім алуға қолжетімділікті арттыру мақсатында енгізілді.

ҰБТ-ға қатысу үшін құжаттар 2019 жылы 1-15 желтоқсан аралығында бірыңғай ақпараттық жүйе арқылы қабылданды. Нәтижесінде, ҰБТ-ға қатысуға 95 мыңнан астам адам өтініш берді. Оның ішінде 75 520 оқушы тестілеуді қазақ тілінде, 22 744 бала – орыс тілінде және 176 бала ағылшын тілінде тапсырады.

Санаттар бойынша, 90 808 бала – 11 (12) сыныпта оқиды және былтырғы тестілеуден өтпеген, ЖОО-ға шартты түрде қабылданған 2 701 үміткер бар. Одан бөлек, шығармашылық дайындықты талап ететін, өзге білім беру бағдарламасына ауысқысы келетін 1-2-інші курстағы 1 841 студент бар.

ҰБТ-да 820 аудитория пайдаланылады. Барлық аудиториялар ұялы байланыс құралдарының жұмысын бұғаттайтын құралдармен және бейнебақылау камераларымен қамтамасыз етілген. Тыйым салынған заттар табылған үміткер ҰБТ-ға кіргізілмейді және акт арқылы ғимараттан шығарылады.

Өңірлерге ҚР Білім және ғылым министрлігінің 447 өкілі жіберіледі, апелляциялық комиссиялар құрылады, медициналық көмек көрсету бекеттері ұйымдастырылады және тестілеу барысындағы қауіпсіздік қамтамасыз етіледі. Бұдан бөлек, қажет болған жағдайда жеке көмекшілер, сондай-ақ ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға арналған сурдоаудармашылар ұсынылады.

Жергілікті жерлерде ҰБТ ұйымдастыру және өткізу бойынша Мемлекеттік комиссиялар құрылды. Мемлекеттік комиссия құрамына облыстар немесе республикалық маңызы бар қалалар әкімдіктерінің өкілдері, құқық қорғау органдарының, қоғамдық ұйымдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері кірді.