Қазақстанда ВИЧ және СПИД жұқтырғандарға мемлекеттен өтемақы төленеді

0
163

Заң бойынша өтемақы алуға бірнеше санаттағы азаматтардың құқығы бар.


Қазақстанда ВИЧ және СПИД жұқтырғандарға мемлекеттен өтемақы төленеді

Фото: magnific.com

ERNUR.KZ. Қылмыс салдарынан адамның иммун тапшылығы вирусы (АИТВ) немесе жұқтырылған иммун тапшылығы синдромы (ЖИТС) жұқтырған азаматтар мемлекеттен біржолғы қаржылай көмек ала алады. Өтемақы кінәлі адамның табылғанына немесе келтірілген шығынды өтегеніне қарамастан төленеді, деп жазады stan.kz.

Қазақстанда ауыр құқық бұзушылықтан зардап шеккендерге осындай бастапқы қаржылай қолдау көрсету үшін "Жәбірленушілерге өтемақы қоры туралы" заң қолданылады.

Заң бойынша өтемақы алуға бірнеше санаттағы азаматтардың құқығы бар. Олардың қатарында жыныстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен кәмелетке толмағандар, адам саудасы мен азаптаудың құрбандары, сондай-ақ қылмыс салдарынан денсаулығына ауыр зиян келген немесе АИТВ/ЖИТС жұқтырған адамдар бар. Егер жәбірленуші қайтыс болса, өтемақыны оның заңды өкілдері немесе жақын туыстары ала алады.

Төлем бір рет беріледі. Оның мөлшері қылмыстың санатына қарай 30-дан (129 750 теңге) 50 айлық есептік көрсеткішке (216 250 теңге) дейін есептеледі.

Өтемақы алу үшін жәбірленуші деп танылған күннен бастап үш жыл ішінде өтініш беру керек. Тергеуші немесе анықтаушы азаматты жәбірленуші деп таныған кезде оған өтемақы алу құқығы мен өтініш беру тәртібін түсіндіруге міндетті.

Өтінішті банк шотын көрсете отырып, қылмыстық істі жүргізіп жатқан тергеушіге немесе анықтаушыға беруге болады. Құжаттар рәсімделгеннен кейін ақша қолма-қол емес тәртіппен аударылады. Маңыздысы, өтемақыны алу жәбірленушінің сот арқылы кінәлі адамнан материалдық және моральдық зиянды толық өтеуді талап ету құқығын шектемейді.

Қосымша ақпарат алу үшін азаматтар қылмыстық іс қаралып жатқан жердегі құқық қорғау органдарына жүгіне алады.

Еске салайық, бұған дейін Алматыда 13 жастағы қызды зорлап, АИТВ жұқтырған ер адам өмір бойына бас бостандығынан айырылды. Сот оны аса ауыр қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп таныған. Айыпталушы өзінің АИТВ диагнозын біле тұра, кәмелетке толмаған баланың өмірі мен денсаулығына қасақана қауіп төндірген. Қылмыстық іс бойынша қорғаушы тараптың өкілдері мен айыпталушының ағасына қатысты да тергеу жүргізілген. Оларға іс бойынша дәлелдерді бұрмалауы мүмкін деген күдік келтірілген.