Ұлттық банк басшысының айтуынша, қазіргі уақытта үкімет Дүниежүзілік банкпен бірлесіп тиісті тәсілдерді әзірлеп жатыр.
Фото:depositphotos.com
ERNUR.KZ. Қазақстанда зейнетақы жүйесін реформалау жоспарланып отыр. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов мәлімдеді, деп жазады tengrinews.kz.
Ұлттық банк басшысының айтуынша, қазіргі уақытта үкімет Дүниежүзілік банкпен бірлесіп тиісті тәсілдерді әзірлеп жатыр.
"Халықты қамтуды және Біріңғай жинақтаушы зейнетақы қорының кірістілігін арттыруға бағытталған зейнетақы жүйесін реформалаудың тұжырымдамалық тәсілдері әзірленеді", - деді Тимур Сүлейменов Сенаттың жалпы отырысында.
Зейнетақы жинақтарының неғұрлым жоғары кірістілігін қамтамасыз ету үшін Ұлттық банк БЖЗҚ-ның инвестициялық стратегиясын жетілдіреді – акциялар мен баламалы құралдар сияқты жоғары кірісті активтердің үлесі артады.
"Осыған байланысты маусымда біз жаңа портфель – баламалы құралдар портфелін құрдық. 500 миллион доллар сомасына алғашқы транш жүзеге асырылды. Зейнетақы активтерін жеке басқару институтын дамыту жұмыстары жалғасады", - деді Сүлейменов.
Оның айтуынша, бұл зейнетақы активтерінің кірістілігін арттыруға ықпал етіп, бағалы қағаздар нарығының дамуына оң әсерін тигізеді.
Қазақстанның зейнетақы жүйесіндегі ықтимал өзгерістер туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев айтқан болатын. Оның сөзінше, үкіметте түрлі модель талқыланып жатыр.
Бұған дейін Қазақстанда зейнетақы жүйесіндегі өзгерістер талқыланып жатқанын хабарлаған болатынбыз. Ұсынылып отырған зейнетақы реформасының бір нұсқасы "4 + 1" моделі. Ол жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарының бір бөлігін қазақстандықтардың жеке шотына, ал бір бөлігін өмір бойы төленетін төлемдер үшін ортақ зейнетақы шотына аударуды көздейді. Толығырақ материалдан оқыңыз.


