Қазақстанда жалпыұлттық Наурызнама онкүндігі басталады

0
119

14-23 наурыз аралығында Қазақстанда жалпыұлттық Наурызнама онкүндігі өтеді.


Қазақстанда жалпыұлттық Наурызнама онкүндігі басталады

ERNUR.KZ. Наурыз мейрамын атап өтудің бұл форматы аз уақыт ішінде тарихи дәстүрлерді, мәдени іс-шараларды, қоғамдық бастамаларды ұштастырып, ел бірлігін нығайтуға бағытталған маңызды халықтық мерекеге айналды, деп хабарлайды ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі.

Наурызды жаңа форматта атап өту 2024 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен бекітілген. Ол Наурызды тек бір күндік мереке ретінде емес, адамдардың жүздесіп, игі істер істеп, жаңарып, қоғамдағы татулық пен келісімді нығайтатын кезең ретінде қабылдаған тарихи дәстүрге негізделеді. Наурызнама аясында биыл еліміз бойынша 10 мыңнан астам іс-шара өткізу жоспарланған. Онкүндіктің әр күні қоғамның негізгі құндылықтарын айқындайтын жеке тақырыпқа арналады.

Наурызнама бағдарламасында республикалық мәдениет ұйымдарының іс-шаралары ерекше орын алады. Онкүндік аясында музейлер, театрлар, концерттік ұйымдар мен мәдениет орталықтарының алаңдарында көрмелер, концерттер, фестивальдер, театрландырылған қойылымдар, қайырымдылық акциялары, мәдени-танымдық кездесулер және түрлі тақырыптық жобалар ұйымдастырылады. Бұл іс-шаралар ұлттық дәстүрлерді, отбасы құндылықтарын, ұлттық киімді, өнер мен спортты, сондай-ақ жаңару идеясын кеңінен насихаттауға бағытталған. Бағдарлама дәстүрлі мәдени форматтарды заманауи интерактивті шешімдермен ұштастыра отырып, халқымыздың бай тарихи-мәдени мұрасын кеңінен танытуға және дәріптеуді мақсат етеді.

Наурыз мейрамын атап өтуге ел өңірлері де белсенді түрде атсалысуда. Облыс орталықтары мен қалаларда концерттер, фестивальдер, театрландырылған қойылымдар, көрмелер, жәрмеңкелер, отбасылық және жастар акциялары, ұлттық спорт түрлері бойынша жарыстар, сондай-ақ экологиялық бастамалар ұйымдастырылады. Атап айтқанда, Астанада жасанды интеллект элементтері қолданылатын «Tartys Fest» ұлттық ойындар фестивалі өтеді. Алматыда «Әз-Наурыз – Алматы төрінде» атты концерт пен жасанды интеллектке негізделген фотозоналары және иммерсивті LED-туннелі бар «Nauryz Vibes» фестивалі өткізіледі. Шымкентте республикалық «Жарапазан Fest» фестивалі және «Робо-шаңырақ» атты отбасылық байқау өтсе, Ақтөбе облысында «Dastur-fest» фестивалі мен «Ұлттық киім – ұлт айнасы» атты мәдени-көпшілік бағдарлама жоспарланған. Ал Маңғыстау облысында цифрлық көрме, робототехника және интерактивті технология элементтері қамтылған мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылады.

Бүгінде Наурызнама – жай ғана мерекелік күнтізбе емес, қоғамдағы бірлікті нығайтуға, ұлттық дәстүрлерді кеңінен насихаттауға және халқымыздың бай тарихи-мәдени мұрасын дәріптеуге бағытталған ауқымды жалпыұлттық мәдени бастамаға айналды.

Ғасырлар қойнауынан жеткен салт-дәстүрлер мен заманауи мәдени форматтардың үйлесуі арқылы бұл мереке жаңару мен жаңғырудың, сыйластық пен татулықтың, ортақ мақсатқа ұмтылған елдің бірлігін айшықтайтын маңызды құндылық ретінде орныға түсуде.