Қаулы 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді.
Көрнекі сурет: Tengrinews.kz / Никита Данилин
ERNUR.KZ. Қазақстанда LRT нысандарында жұмыс істейтін жеке көлік полициясы басқармасы құрылады. Тиісті қаулыға премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды, деп жазады tengrinews.kz.
Құжатқа сәйкес, Ішкі істер министрлігі Көліктегі полиция департаментінің құрылымында жаңа мемлекеттік мекеме - "LRT нысандарындағы көліктегі полиция басқармасы" пайда болады.
Жаңа бөлімше республикалық бюджеттен - ІІМ-ді ұстауға қарастырылған қаражат шеңберінде қаржыландырылады.
Басқарма министрліктің қарамағындағы аумақтық органдар мен бөлімшелер тізбесіне енгізіледі.
Өзге мәліметтер, атап айтқанда жаңа басқарманың штат саны мен оның жауапкершілік аймағында болатын нақты нысандар қаулының жарияланған бөлігінде көрсетілмеген. Құжаттың бір тармағы қызметтік пайдалануға арналған.
Қаулы 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді.
Еске сала кетейік: Қазақстандағы көлік полициясы көлік инфрақұрылымы нысандарында құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге жауапты. ІІМ құрылымында теміржол вокзалдары мен басқа да көлік нысандарында желілік полиция басқармалары мен бөлімдері жұмыс істейді.


