Балалар халықтың ең осал тобына жатады және мемлекет тарапынан ерекше қорғауды қажет етеді.
«ҚР ДСМ ҰҚДО жүргізген мониторингке сәйкес, өткен жылы жалпы білім беретін мектептерде оқитын балалардың 7%-ында тірек-қимыл аппаратының, көру органдарының және жүйке жүйесінің түрлі патологиясы анықталды. Оқушыларды профилактикалық медициналық тексерулердің нәтижелері бойынша аурулардың ең жоғары үлесін көру органдары аурулары құрайды – шамамен 40%, жүйке жүйесі патологиялары – 9,4%, сондай-ақ сколиоздар – 6% жуық», – деп хабарлады Манар Смағұл.
Спикердің түсіндіруінше, аталған патологиялардың дамуына негізгі себептер – партада ұзақ уақыт отыру және жиһаздың дұрыс орналастырылмауы. Аталған аурулардың алдын алу және сырқаттанушылық деңгейін төмендету мақсатында жоспарлы тексерулер мен мониторинг барысында парталар мен орындықтардың оқушылардың бойына сәйкестігі, олардың сыныптарда дұрыс орналастырылуы, тақта мен алғашқы қатарлардың арақашықтығы бағаланады, сондай-ақ үй-жайларда жарықтандыру деңгейі, микроклимат және шу деңгейі өлшенеді.
Сонымен қатар былтыр Қазақстанда қызылшаның 4 240 жағдайы тіркелді, олардың 3,5 мыңнан астамы балалар мен жасөспірімдерге тиесілі. Екпе салдырмағандардың үлесі шамамен 80%-ды құрайды.
«Инфекцияның одан әрі таралуына жол бермеу мақсатында вакцина алмаған адамдарды уақытылы анықтау және иммундаудың маңыздылығы туралы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу үшін ауру жағдайларына эпидемиологиялық тексеру жүргізілуде. Бұл деректер балалар мен жасөспірімдерге арналған объектілерге бақылауды күшейту қажеттігін көрсетеді, бұл – басым әрі әлеуметтік маңызы бар бағыт», – деп атап өтті М. Смағұл.


