Қазақстанда жасанды интеллект саласында кадрлар даярлау үшін 12 шетелдік жоғары оқу орны тартылды

0
86

Цифрлық мемлекетке көшу кезінде цифрландыру және ЖИ-ді енгізу үшін жоғары білікті кадрлар қажет.


Қазақстанда жасанды интеллект саласында кадрлар даярлау үшін 12 шетелдік жоғары оқу орны тартылды

ERNUR.KZ. Осы мәселені шешу үшін экономиканың трансформациясы кадрларды жедел даярлауды талап ететін салаларға: инженерия, ИТ және жасанды интеллект, ауыл шаруашылығы бағыттары бойынша әлемнің жетекші университеттері тартылып жатыр. Бұл жайлы ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенова ОКҚ алаңында хабарлады.

Жалпы, жасанды интеллект саласында кадрлар даярлау үшін 12 шетелдік жоғары оқу орны тартылды. Мәселен, Сеул техникалық университетімен бірлесіп Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті базасында ЖИ және информатика жоғары мектебі ашылды. Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ базасында City University of Hong Kong филиалы жасанды интеллект бойынша қос дипломды бағдарламалар және басқалары ашылды.

«Мемлекет басшысының тапсырмаларын және Жоғары білім мен ғылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру аясында елімізде жетекші шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде. Бүгінгі таңда әртүрлі форматтағы 40 стратегиялық серіктестік жүзеге асырылуда, оның ішінде 33-і – шетелдік университеттердің филиалдары. Бұл біздің жастарымыз үшін елден шықпай-ақ әлемдік деңгейдегі сапалы білім алуға берілген бірегей мүмкіндік. Филиалдарды ашу өңірлік қағидаттарды ескере отырып және негізінен техникалық бағыттар бойынша жүзеге асырылады. Білім беру бағдарламаларының 80%-ы инженерия, ІТ-технология салаларына, қалғандары – бизнес, креативті индустрия, педагогикалық ғылымдар бағыттарын қамтиды», – деді спикер.

Шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу бірқатар академиялық, геостратегиялық және экономикалық артықшылықтар береді. Бүгінде елімізде 35 мың шетелдік студент білім алуда. 2029 жылға қарай шетелдік студенттер санын 100 мыңға дейін ұлғайту жоспарлануда. Азиядан келген студенттер саны алғаш рет ТМД елдерінен келген студенттер санынан асып түсті. Қазақстанға шетелдік студенттерді тарту мақсатында халықаралық көрмелер мен форумдарды өткізуді көздейтін «Study in Kazakhstan» ақпараттық науқаны іске асырылуда.

2025 жылы «Study in Kazakhstan» білім көрмелері Ұлыбританияда, Әзербайжанда, Пәкістанда және ҚХР-да өтті. 2026 жылы Вьетнам, Үндістан, Индонезия, БАӘ, Катар, Түркия, ҚХР, Моңғолия, Марокко және басқа елдерде өткізу жоспарлануда. Шетелдік студенттердің қызығушылығының артуын ескере отырып, ақпан айынан бастап «Study in Kazakhstan» цифрлық платформасын іске қосу жоспарда бар. Платформада Қазақстанның жоғары білім беру жүйесі, оқу құны, виза, оқуға түсу талаптары туралы толық ақпарат қолжетімді болады.