Қазақстанда жасанды интеллект жәрдемақыны кімге тағайындау керегін өзі анықтайды

0
145

ЖИ атаулы әлеуметтік көмек пен мүгедектік тобын белгілеу кезінде деректерді талдап, шешім жобасын қалыптастыруға көмектеседі. Кейбір мемлекеттік қызметтерді көрсету мерзімі екі күннен 10 минутқа дейін қысқарған.


Қазақстанда жасанды интеллект жәрдемақыны кімге тағайындау керегін өзі анықтайды

фото: BAQ.KZ

ERNUR.KZ. Жасанды интеллект әлеуметтік қорғау саласында да кеңінен қолданылып жатыр. Жүйе атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау, мүгедектік тобын белгілеу және жекелеген мемлекеттік қызметтерді автоматты түрде көрсету кезінде пайдаланылады. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек ЕртаевҮкімет отырысында айтты, деп жазады BAQ.KZ.

ЖИ атаулы әлеуметтік көмекке мұқтаждықты бағалайды

Министрдің айтуынша, жасанды интеллект атаулы әлеуметтік көмек тағайындау кезінде өтініш берушінің тұрғын үй-тұрмыстық жағдайларын бағалауға көмектеседі.

“ Жасанды интеллект өтініш берушінің тұрғын үй-тұрмыстық жағдайларының фото және бейнематериалдарын талдайды. Атаулы әлеуметтік көмекке мұқтаж немесе мұқтаж емес екендігі туралы ұсынымдар әзірлейді “, – деді Асқарбек Ертаев.

Оның айтуынша, бұл өңірлік учаскелік комиссиялардың жұмысын едәуір жеңілдетіп, шешім қабылдау кезінде субъективтіліктен арылуға мүмкіндік береді.

Мүгедектік тобын белгілеуде де ЖИ қолданылады

Жасанды интеллект мүгедектік тобын белгілеу кезінде де медициналық деректерді талдайды.

“ Мүгедектік тобын белгілеу кезінде жасанды интеллект медициналық деректерді талдайды, анамнездер мен диагноздарды. Мүгедектік тобын айқындау кезінде медициналық-әлеуметтік сараптаманың тәуелсіз қатысушысы ретінде шешім жобасын қалыптастырады “, – деді министр.

Асқарбек Ертаевтың айтуынша, бұл объективтілікті қамтамасыз етуге, мүгедектік тобын белгілеудің бірыңғай тәсілін қалыптастыруға және адам факторының ықпалын азайтуға мүмкіндік береді.

Кейбір қызметтерді алу екі күннен 10 минутқа дейін қысқарды

Мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді автоматты түрде тағайындау кезінде жүйе алушыны өздігінен анықтап, мәліметтерді тексереді.

Одан кейін аудандық және облыстық деңгейлерде келісудің артық кезеңдерінсіз төлемді тағайындайды.

“ Бұл объективтілікті қамтамасыз етеді. Қолмен өңдеу көлемін азайтады және жекелеген қызметтерді көрсету мерзімін екі күннен 10 минутқа дейін қысқартады , – деді Асқарбек Ертаев.

Министрдің мәліметінше, жүйе іс жүзінде атаулы әлеуметтік көмек бойынша 99 мың өтінішті, ал мүгедектікті белгілеу бойынша 151 мың өтінішті өңдеген.

Сонымен қатар биыл шілдеден бастап 12 мың жәрдемақы автоматты түрде тағайындалған.