Forbes Қазақстанның 2026 жылғы ең ықпалды 50 кәсіпкерін атады

0
217

Рейтингтің көшін Вячеслав Ким бастады.


Forbes Қазақстанның 2026 жылғы ең ықпалды 50 кәсіпкерін атады

Фото: Kazinform / ЖИ

ERNUR.KZ. Forbes Kazakhstan журналы Қазақстанның ең ықпалды 50 кәсіпкерінің 16-шы рейтингін жариялады. Биыл тізімге төрт кәсіпкер алғаш рет енді, деп жазады inform.kz.

Басылымның мәліметінше, биылғы рейтинг Қазақстандағы ірі мәмілелердің бизнес өкілдері арасындағы ықпалдың өзгеруіне қалай әсер еткенін көрсетеді. Кәсіпкерлердің ықпалын бағалауда олардың байлығы ғана емес, экономиканың негізгі салаларындағы орны, ірі жобаларға қатысуы, кәсіпорындар мен өңірлердің дамуына ықпал ету мүмкіндігі де ескерілген.

Алғашқы ондыққа кімдер кірді?

Рейтингтің көшін Вячеслав Ким бастады. Ол бұған дейін 2023 жылы да бірінші орынға ие болған. Бір жылда кәсіпкердің байлығы 700 млн долларға артып, 7,8 млрд долларға жетті.

Оның негізгі активі — Kaspi.kz компаниясындағы 20,75 пайыздық үлесі. Бұдан бөлек, «Eltop Soft» және «Позитив Инвест» ЖШС-лерінде үлесі бар. Сондай-ақ «Алсеко» АҚ арқылы «Астана-ЕРЦ» ЖШС-ін бақылайды.

Екінші орынға Болат Өтемұратов (ForteBank, Ritz-Carlton және Rixos қонақүйлері), үшінші орынға Тимур Құлыбаев (Halyk Bank, Viled Group, QazaqOil жанармай құю станциялары желісі) ие болды.

Төртінші орынға Нұрлан Смағұлов (Astana Motors, MEGA сауда-ойын-сауық орталықтары желісі) жайғасты. Ал алғашқы бестікті рейтингке жаңадан енген Шахмұрат Муталип түйіндеді.

Одан кейінгі орындарды Тимур Турлов (Freedom Holding Corp.), Нұрлан Артықбаев (Qazaq Stroy, «Қазақмыс»), Андрей Лаврентьев («Аллюр», Qarmet), Айдын Рахымбаев (BI Group) және Владимир Ким (KAZ Minerals, Bank RBK) иеленді.

Рейтингке жаңадан енген төрт кәсіпкер

Биыл ең ықпалды 50 кәсіпкердің қатарына төрт жаңа есім қосылды.

Integra Construction KZ компаниясының бенефициары Шахмұрат Муталип Eurasian Resources Group (ERG) компаниясының 39,3 пайыздық үлесін сатып алды. Сондай-ақ алтын өндіретін «Алтыналмас» компаниясын сатып алу туралы келісімге қол қойды.

Qazaq Stroy компаниясының негізін қалаушы Нұрлан Артықбаев «Қазақмыс» корпорациясын өз бақылауына алды.

Құдрат Шамиев ERG-дің Қазақстандағы кәсіпорындарына басшылық етті.

Рейтингке алғаш рет енген тағы бір кәсіпкер — халықаралық Harvest Group компаниясының негізін қалаушы Алмаз Әлсенов. Ол Қазақстанда агроөнеркәсіптік кластер құру жоспарын іске асырып жатыр.

Еске сала кетейік, бұған дейін Forbes журналы 2025 жылғы әлемдегі ең бай адамдар рейтингінде қазақстандық жеті кәсіпкердің есімін атаған еді. Олар — Вячеслав Ким, Михаил Ломтадзе, Тимур Турлов, Владимир Ким, Тимур және Динара Құлыбаевтар, сондай-ақ Болат Өтемұратов.