Президент Орталық Азия мен Әзербайжан мемлекеттері басшыларының 8-ші Консультативтік кездесуіне қатысты.
Ақорда баспасөз қызметінің фотосы
ERNUR.KZ. Қазақстан жасанды интеллектіні пайдалану туралы жаңа декларация әзірлеуді ұсынды, деп жазады tengrinews.kz.
8 қазанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Түрікменстандағы "Аваза" кешенінде өтіп жатқан Орталық Азия мемлекет басшылары мен Әзербайжанның сегізінші Консультативтік кездесуіне қатысты.
Сөйлеген сөзінде Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтіп, Қазақстанның жасанды интеллектінің тұтас экожүйесін дәйекті түрде құрып жатқанын жеткізді.
"Жасанды интеллект туралы" заң қабылданды. Digital Qazaqstan стратегиясы жүзеге асырылуда. Суперкомпьютер кластері іске қосылды. Alem.ai халықаралық орталығы жұмыс істеп тұр. Бұл тақырып өте өзекті. Осыны ескеріп, жасанды интеллект бойынша Орталық Азия серіктестігін құру мүмкіндігін қарастыруды ұсынамын", – деді Тоқаев.
Қазақстан Президенті нейрожелілерді қауіпсіз қолдану принципті шарт деп есептейді. Ол бұған байланысты тәуекелдер қазірдің өзінде маңызды халықаралық талқылаулардың тақырыбына айналып отырғанын мәлімдеді.
"Меніңше, аса маңызды технологияларды бақылаудың бірлескен тәсілдерін әзірлеуге уақыт оздырмай кірісу керек. Осыны ескере отырып, Қазақстан Орталық Азия елдері мен Әзербайжанға жасанды интеллектіні жауапкершілікпен қолдану туралы декларация әзірлеуді ұсынды", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сондай-ақ ол жаһандық турбуленттілік жағдайында аймақтағы бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау басты міндет болып қала беретінін атап өтті.


