Қазақстанда жасанды интеллекттің көмегімен жемқорлық фактілері анықталмақ

0
440

Қаржы вице-министрі Ержан Біржановтың айтуынша, осылайша жасанды интеллект тиімсіз жобалар мен сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін табады.


Қазақстанда жасанды интеллекттің көмегімен жемқорлық фактілері анықталмақ

ERNUR.KZ. Қаржы министрлігі бюджетте негізсіз шығыстарды анықтау үшін жасанды интеллект (АИ) технологияларына негізделген арнайы ақпараттық жүйені енгізуді жоспарлап отырғанын айтты. Бұл жемқорлық әрекеттерін анықтауға көмектеспек, деп жазады stan.kz.

Қаржы вице-министрі Ержан Біржановтың айтуынша, осылайша жасанды интеллект тиімсіз жобалар мен сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін табады.

"Ақпараттық жүйе, IT-шешімдер, жасанды интеллект элементтері енгізіледі. Мысалы, шығындар асыра бағаланса, үлкен смета көрсетілсе, шартты түрде халық көп тұрмайтын жерде қандай да бір объект салу тиімсіз болса, мұның бәрі біріктіріледі", – деп бөлісті Біржанов брифингте.

Сондай-ақ ол су тасқыны мен Тоқаевтың имидждік іс-шараларға жұмсалатын шығындарды қысқарту туралы тапсырмасынан кейін үкімет 540 миллиард теңге үнемдегенін хабарлады. Оның ішінде 2024 жылы 180 миллиард, келесі жылға тағы 360 миллиард шығын қысқартылады деп жоспарланып отыр.

"Бірақ оңтайландыру тек іс-шаралар бойынша ғана емес, енді тереңірек талдау жасалады. Біз шығындарымызды табысымызға сәйкес келтіруге тырысамыз. Қалай болғанда да, кей жерлерде қаражатты қысқартып, бюджетті қайта қарастырамыз. Бұл жұмыс тапсырған нәрсені орындап, кейін ұмыту емес, үнемі жалғасады. Бюджет кодексін әзірлеу аясында бұл тәсілдер қарастырылып жатыр", – деп толықтырды вице-министр.

Оның айтуынша, мемлекеттік жоспарлау жүйесі басқа органдардың деректерін талдауды ескере отырып дамиды. Бұл тиімсіз шығындарды бақылауға мүмкіндік береді.