Қазақстандағы университеттерде қытай тілі екінші шет тілі ретінде оқытылады - Білім министрі

0
1 566


Қазақстандағы университеттерде қытай тілі екінші шет тілі ретінде оқытылады - Білім министрі

ERNUR.KZ. Қазақстандағы ұлттық және мемлекеттік университеттерде қытай тілі екінші шет тілі ретінде оқытылмақ, деп жазады Stan.kz.




Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің айтуынша, осы мақсатта жоғары оқу орындарында арнайы кафедралар ашылады.

“Кеше Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпиннің елімізге мемлекеттік сапары аясында көптеген келісім-шарттарға қол қойылды, соның ішінде екі елдің министрліктері білім және ғылым саласында келісімге келді. Келісімге сәйкес, біздің жетекші, ұлттық және мемлекеттік университеттерде қытай тілін оқыту үшін арнайы кафедралар құрылады. Екінші тіл ретінде бакалаврлар, магистранттар мен докторанттарға ұсынатын боламыз", – деді министр Саясат Нұрбек.



Сондай-ақ жаңа келісім аясында Қазақстанда Гонконг университетінің филиалы ашылмақ.

“Қытай бізге экономикада да, саудада да серіктес ел, сондықтан Қытайдың тарихын, тілін, мәдениетін терең түсінуіміз керек. Тағы бір келісім – Сәтбаев университетінің базасында Гонконг университетінің филиалы ашылу бойынша жасалды. Филиал жасанды интеллект, сәулет, интеллектуалды көлік және т.б. салаларда білім береді. Гонконг университеті – әлемдегі ең үздік 100 университеттің қатарына кіретін өте жылдам дамып келе жатқан жоғары оқу орны. Университет филиалы биылғы жылдың қыркүйек айында ашылады”, – деді білім және ғылым министрі.