Қазақстанды газдандыру деңгейі 80 пайызға жеткізіледі

0
85

Табиғи газбен қамту – инженерлік инфрақұрылымды дамыту ғана емес.


Қазақстанды газдандыру деңгейі 80 пайызға жеткізіледі

фото: Түркістан облысы әкімдігі

Бүгінде әлемнің көптеген елдері дамудың даңғыл жолына түсіп, белгілі бір салаларға ерекше назар аударып отыр. Солардың арасында әсіресе тұрғындарға жайлы орта қалыптастыруға басымдық беріп, энергетика саласына жан бітірген Қазақстан Республикасы да бар. Өйткені, энергетика көздері халық үшін тиімді ғана емес, кез келген елдің экономикасына да тың серпін береді. Соның ішінде кейінгі жылдары бүкіл әлем табиғи газға ең тиімді әрі қауіпсіз қуат көзі ретінде қарап келеді. Расында да, бұл энергетика түркі азаматтардың тіршілігін жақсартуға, экологияны қорғауға, өнімділіктің артуына ерекше ықпал ету үстінде.


Сәйкесінше, қазіргі уақытта Еуропа құрлығындағы Германия, Италия, Англия сияқты дамыған елдердегі халықтың 90 пайызға жуығы табиғи газ тұтынады әрі өндірісте кеңінен пайдаланады. Көршілес Ресей Федерациясы мен Қытай Халық Республикасы да, бауырлар Түркия мемлекеті де осы саланы дамытуға айрықша мән беріп келеді. Осылайша, әлем елдері тұрғындарды табиғи газбен қамтып қана қоймай, табиғатқа таралатын зиянды заттардың мөлшерін азайтып, өнімділікті де арттырып отыр.


Қазақстан да табиғи газ қоры мол елдерді бірі. Дегенмен, жоғарыда аталған мемлекеттердің деңгейіне әлі жете қойған жоқ. Мемлекет жерінің үлкендігі мен халықтың орналасу ерекшелігі де бұл саланың қарыштап дамуына әсер етіп жатқаны түсінікті. Десе де, ел Үкіметі көптеген кедергілерге қарамастан кешенді жобаларды қолға алып, ел тұрғындарын табиғи газбен қамту көрсеткіші жыл сайын жақсарып келе жатыр. Атап айтсақ, осыдан он жыл уақыт бұрын Қазақстан халқының 40 пайызға жуығы ғана көгілдір отын тұтынған. Ал қазір бұл көрсеткіш 65 пайызға жуықтады. Нәтижесінде өткен жылдың соңындағы көрсеткішке сәйкес, Қазақстандағы табиғи газ тұтынатын тұрғындар саны 13 миллионнан асып түскен. Біз айтып отырған көрсеткіш еліміздегі газдандыру жұмыстарының жемісті болып жатқанын аңғартатындай.


Осы орайда соңғы жылдары ел аумағында стратегиялық маңызы бернеше жоба іске асырылғанын атап өту керек. Мәселен, олардың қатарына «Талдықорған – Үшарал», «Ақтөбе – Қостанай» газ құбырларының, «Бейнеу – Бозой – Шымкент» магистральдық газ желісінің,газ өңдеу зауыттарының құрылысын қоссақ болады. Аталған жобалардың арқасында тұрғындардың қатты отын түрлеріне деген тәуелділігі төмендеп, машақаты азайды, қоршаған орта ахуалы жақсарып, мыңдаған азамат жұмыспен қамтылды.


Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы онжылдықта да қарқынды түрде жалғаса бермек. Бұлай дейтін себебіміз, бүгін Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі 2035 жылға дейін ел аумағын табиғи газбен қамту дейігейін 80 пайызға жеткізу жоспарланғанын мәлім етті. Ведомство ақпаратына сүйенсек, Мемлекет басшысының Парламент палаталарының бірлескен жиынындағы тапсырмаларына сәйкес Қазақстанның өңірлерін көгілдір отынмен қамту жұмыстары күшейтілмек.


Үкімет таратқан ақпаратқа сүйенсек, Қазақстан Үкіметі мен «Газпром» ЖАҚ арасындағы «Есіл – Астана» газ құбырының құрылысын жүргізу жайлы меморандум солтүстік өңірлерді табиғи газбен қамтуға ерекше ықпалын тигізеді. Оның ішінде Астана, Петропавл және Көкшетау қалалары бар.


Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Энергетика министрі Ерлан Ақкенженовтің Үкімет отырысындағы сөзіне сүйенсек, өткен жылдың соңында газ тасымалы 70,4 миллиард текше метрге жеткен. Ал биыл бұл көрсеткішті 73,3 миллиард текше метрге жеткізу жоспарланып отыр.


Қорыта айтсақ, табиғи газбен қамту – инженерлік инфрақұрылымды дамыту ғана емес. Бұл – тұрғындардың тұрмысын жақсартатын, аймақтарды дамытуға ықпал ететін, азаматтарды жұмыспен қамтитын және Қазақстанның энергетикалық еркіндігін қамтамасыз ететін стратегиялық сала. Сол себепті бұл сала қашан да мемлекет билігінің жіті бақылауында бола бермек.


Б.Мейірханұлы,

ERNUR.KZ

Бөлісу