Қазақстаннан мысырлық Шарм-эль-Шейхке әуе рейстері Airbus A321 ұшақтарымен орындалады.
Фото:depositphotos.com/annakovalkovalenko
ERNUR.KZ. Қазақстандық әуекомпания Шарм-эль-Шейхке (Мысыр) тұрақты әуе қатынасын ашады. Ұшу бағдарламасы желтоқсан айында басталады, деп жазады tengrinews.kz.
Рейстер кестесі: мәліметтер
Air Astana баспасөз қызметінің хабарлауынша, тұрақты рейстер Алматыдан 10 желтоқсаннан бастап, ал Астанадан 11 желтоқсаннан бастап орындалады деп күтіледі.
"Бұған дейін Шарм-эль-Шейхке рейстер тек чартерлік бағдарламалар аясында орындалатын, алайда тұрақты рейс мәртебесі жолаушыларға әуе билеттерін тікелей - әуекомпанияның ресми сайтында, мобильді қосымшасында, сондай-ақ туроператорлар мен аккредиттелген туристік агенттіктер арқылы брондауға және сатып алуға мүмкіндік береді", - деп хабарлады компания.
Қазақстаннан мысырлық Шарм-эль-Шейхке әуе рейстері Airbus A321 ұшақтарымен орындалады.
Алматыдан ұшақтар дүйсенбі және бейсенбі күндері ұшады:
- KC8275 рейсі: Алматыдан ұшу 07:20-да, Шарм-эль-Шейхке қону 11:50-де;
- KC8276 кері рейсі: Шарм-эль-Шейхтен ұшу 12:50-де, Алматыға қону 22:10-да.
Астанадан рейстер сейсенбі және жұма күндеріне жоспарланған:
- KC8277 рейсі: Астанадан ұшу 06:50-де, Шарм-эль-Шейхке қону 10:45-те;
- KC8278 кері рейсі: Шарм-эль-Шейхтен ұшу 11:55-те, Астанаға қону 20:50-де.
Әуекомпанияның мәліметінше, Алматыдан Шарм-эль-Шейхке дейінгі екі жаққа билеттің ең төменгі құны эконом-класта 283 690 теңгені, ал бизнес-класта 597 864 теңгені құрайды. Астанадан барып-қайту билеті эконом-класта кемінде 283 734 теңге, бизнес-класта 588 932 теңге болады.
Мысырға кіру ережелері
Тасымалдаушы Қазақстан СІМ сайтына сілтеме жасай отырып, 21 жасқа толмаған ҚР азаматтары Мысырға тек ата-анасының біреуінің немесе заңды өкілінің еріп жүруімен ғана кіре алатынын еске салды.
21 жастан асқан қазақстандықтар, егер туристік мақсатпен 15 күннен аспайтын мерзімге барса және курорттық аймақтан шығуды жоспарламаса, визаны Шарм-эль-Шейх әуежайына қонған кезде ала алады.
Егер туристер Каир, Хургада немесе Мысырдың басқа қалаларына баруды жоспарласа, визаны алдын ала Мысыр Араб Республикасының Қазақстандағы елшілігінен алу қажет.


