Төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекетаралық кеңестің XXXVIII отырысы 13 қарашада Шымкент қаласында өтуде.
Төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекетаралық кеңестің табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар бойынша XXXVIII отырысына қатысу үшін ТМД елдерінің делегациялары Шымкент қаласына жиналуда.
Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі Мұрат Мұханов шетелдік әріптестеріне жақында ауқымды реновациядан өткен №7 өрт сөндіру бөлімін таныстырды. Қонақтар өрт сөндіру техникасымен, бөлімшенің жабдықталуымен және қазақстандық құтқарушылардың қызмет атқару жағдайларымен танысты.
Танысу шарасына Өзбекстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі Азизбек Икрамов, Беларусь Республикасының Төтенше жағдайлар министрі Вадим Синявский, Қырғыз Республикасының Төтенше жағдайлар министрінің орынбасары Искендер Сулайманов, Тәжікстан Республикасының Төтенше жағдайлар және азаматтық қорғаныс комитетінің төрағасы Раджабали Рахмонали, сондай-ақ Армения Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары, Құтқару қызметінің директоры Арам Казарян қатысты. Ведомство басшылары өрт сөндіру бөлімшелерін жарақтандыру және жеке құрамды даярлау мәселелерін талқылады.


