Қазақстандық кәсіпкерлер 8 млрд теңге шығынға батты

0
671

Импорттаушылар мен жүк алушылардың шығыны 170 млрд теңгеге дейін жетеді.


Қазақстандық кәсіпкерлер 8 млрд теңге шығынға батты

ERNUR.KZ. Қытаймен шекарада қалып қойған вагондардың иелері миллиардтаған теңгеден айырылды, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

«Бизнес өкілдері 8 млрд теңгеге жуық вагон иелерінің шығыны туралы ақпарат берді. Ал импорттаушылар мен жүк алушылардың шығыны 170 млрд теңгеге дейін жетеді. Қазақстандық жүктерді қабылдаудың нашарлауына байланысты ірі тау-кен металлургия компаниялары іс жүзінде 3 566 211 тонна немесе ҚХР-ға өнім экспорты бойынша тиеу жоспарының 77%-ын (4 624 011 тонна) тасымалдады. Жоғалған табыс шамамен 142 млрд теңгені құрады», - деп еске салды «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Талғат Темірханов.

Бұл ретте қазақстандық кәсіпкерлерге контрагенттер тарапы айыппұл сала алмайды. Спикердің айтуынша, бұл үшін Қазақстанның сыртқы сауда палатасы ҰКП мен мемлекеттік органдардың хаттары негізінде форс-мажор туралы куәлік береді. Сонымен қатар, кәсіпкерлер жосықсыз жеткізушілер тізіміне енгізілмейдi.

«2020 жылы форс-мажор туралы 33 куәлік берілді, бұл 102 млн теңге сомаға бизнестің мүдделерін қорғауға мүмкіндік берді. Ал қаңтар-тамыз айларында 2,2 млрд теңге сомаға бизнестің мүдделері қорғалды», - деп түсіндірді Темірханов.

Ол, сондай-ақ, Қытай тарапы Еуропа елдеріне Қазақстан арқылы транзитпен жөнелтуді ғана қамтамасыз ететін жағдайға түсініктеме берді.