Қазақстандық құтқарушылар үйінді астында қалған адамды аман алып шықты

0
732

Қираған көпқабатты үйлер орнында аса күрделі жағдай қалыптасқан.


Қазақстандық құтқарушылар үйінді астында қалған адамды аман алып шықты

ERNUR.KZ. Қазақстандық құтқарушылар түрік әріптестерімен бірге құтқару жұмыстарын жүргізіп жатыр, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі Түркиядағы жер сілкінісі салдарынан бүлінген үйлердің конструкцияларын демонтаждау және іздестіру-құтқару жұмыстарының жедел кадрларын жариялады.

«Түркияға келген қазақстандық құтқарушылар күрделілігі жоғары объектілерге бекітілген болатын. Өткен тәулікте бірінші топ қатты қисайған алты қабатты үйді тексерді, үй шөгіп жатыр, құтқарушылар қиын жағдайда жұмыс істеуде. Блоктан шығару және үйге кіру жұмыстары жүргізілді, іздестіру кезінде қаза тапқан 3 әйелдің денесі табылып шығарылды, үйінділерді тазарту, құрылыс конструкцияларын шығару жүріп жатыр», - делінген хабарламада.

Екінші топ толығымен қираған 9 қабатты екі үйді зерттеп, сонымен қатар жергілікті құтқарушылармен бірге тірі адамды – зардап шеккен әйелді үйінді астынан шығарып алды.

«Осы объектіде құтқарушылар 1 адамның денесін тапты. Қирау орнында күрделі жағдай қалыптасқан», - делінген хабарламада.

Құтқарушылар үйінділер арасынан адамдарды жылдам іздестіру үшін барлық қажетті шараны қабылдауда. Жұмыстар тәулік бойы жүргізіліп жатыр.