Қазақстандық вакцина Түркияның зауытында құйылады

0
1 369

1 сәуір күні бізде қазақстандық вакцинаны тексеру жұмыстары аяқталады.


Қазақстандық вакцина Түркияның зауытында құйылады

ERNUR.KZ. ҚР премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов қазақстандық вакцина Түркияда құйылатынын айтты, деп жазады Stan.kz.

"21 сәуір күні бізде қазақстандық вакцинаны тексеру жұмыстары аяқталады. Биологиялық қауіпсіздік институты ғылыми орталық болғандықтан, ол жерде айына тек 50 мың доза вакцина шығаруға мүмкіндік бар. 25-27 сәуірдің арасында отандық вакцинаға қол жеткіземіз. Бұл вакцина Ақтөбе, Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларына жеткізіледі. Қазіргі таңда вакцинаны өндіру үшін қосымша алаңдар дайындап жатырмыз. Өйткені институттың көп көлемде вакцина өндіруге шамасы жетпейді. Бірақ институт базасында субстанция дайындалып, вакцинаны құю жұмыстары жүзеге асады. Одан кейінгі кезеңдерде басқа алаңдарды қолдана отырып, вакцина санын 500 мыңға жеткізуді жоспарлап отырмыз", - дейді Тоғжанов.

Премьер-министрдің орынбасары отандық вакцинаны өндіруге қазақстандық зауыттардың шамасы жетпегендіктен, қазақстандық вакцина Түркияда құйылатынын айтты. Яғни, елімізде вакцинаның субстанциясы дайындалып, вакцина Түркияда құйылады.

"Қазіргі таңда біз Түркиямен келісім шартқа отырдық. Олардың өзінің вакцинасы жоқ. Бірақ қуаттылығы жоғары үлкен өндіріс алаңдары бар. Сондықтан, бұл мәселе бойынша біз келісімге келдік. Оған қоса, Түркия Қазақстандағы зауыттың құрылысына көмектесетін болады. Сонымен қатар, арнайы вакцина өндіретін құрылғыны жөндеуге және алдағы уақытта құрылғыны қадағалау туралы да келісім жасалды. Қазақстандық вакцина бастапқыда Түркияда құйылады", - дейді Тоғжанов.