Күн жылынып барады. Бұлай жалғаса берсе, экологиялық апат болуы әбден мүмкін, дейді Роман.
ERNUR.KZ. Арктика біз ойлағаннан да жылдам еріп жатыр. Мұның соңы жер бетінен адамдардың жойылып кетуіне әкеп соғуы мүмкін. Бұл туралы Солтүстік полюске арнайы экспедициямен барып қайтқан волонтёр Роман Гиричев айтты, деп хабарлайды Хабар24.
Айтуынша, мұзды өлкені мекен ететін жануарлар да шетінен қырылып жатыр. Соңғы уақытта ақ аюлар қорек таппай, адамдардың мұхитқа ағызған қалдықтарын жеуге көшкен. Мұндай экспедиция тұрақты түрде ұйымдастырылып тұрады. Ресейлік компаниялар бірлесіп, Арктиканы қалдықтардан аршу үшін волонтерлерді жинайды екен. Бірақ іріктеу қатаң өтеді. Осы экспедицияға екі бірдей қазақстандық іліккен.
- Экспедицияға бірнеше елден волонтерлар барды. Олардың арасында алтыншы, жетінші рет қатысып жатқандары бар. Солармен сөйлескенімде Арктика біз ойлағаннан да жылдам еріп жатқанын айтты. Мәселен, 2019 жылы мұнда келгенімізде қалың қар жатқан. Ал қазір лай батпақ ғана қалған. Күн жылынып барады. Бұлай жалғаса берсе, экологиялық апат болуы әбден мүмкін, - дейді волонтёр Роман Гиричев.