Білім беру саласында жүргізіліп жатқан барлық реформа Мемлекет басшысы айқындаған берік құндылықтар негізіне сүйеніп, жоғары оқу орындарының қызметінде іс жүзінде көрініс тауып жатыр.
ERNUR.KZ. Бүгінде Қазақстанның жоғары оқу орындары тек кадр даярлау орталығы ғана емес, сонымен қатар жастардың азаматтық жетілуін, жауапкершілігін және ұлттық сана-сезімін қалыптастыру кеңістігі болып табылады. Жоғары білім беру жүйесіндегі тәрбие жұмысы заманауи ұлттық идеология мен қоғамның базалық құндылықтарына сай жүйелі түрде құрылған. ҚР ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенова ОКҚ брифингінде осылай деп мәлімдеді.
Оның айтуынша, «Толық адам» тұжырымдамасы кәсіби шеберлікті, жауапкершілікті және гуманистік бағдарларды біріктіріп, стратегиялық ойлауға, жасампаз еңбек етуге және жаһандық трансформация жағдайында елдің тұрақты дамуына үлес қоса алатын тұлғаны қалыптастырады.
«Таза Қазақстан» тұжырымдамасын іске асыру экологиялық мәдениетті және қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауды қалыптастыруға ықпал етеді, жастарды елдің табиғи байлығын сақтауға және болашақ ұрпақтың өмір сүру сапасына деген жеке қатыстылығын түсінуге тәрбиелейді. Оған қоса, «Заң мен тәртіп» идеологемасы шеңберінде тұрақты түрде іс-шаралар өткізіліп, құқықтық білім беруді дамыту және заң клиникаларының жұмысы арқылы құқықтық сана, заңға құрмет және белсенді азаматтық ұстаным негіздері қалыптастырылуда. Жоғары оқу орындарында көрсетілетін тегін заң көмегі қоғамның мемлекет институттарына деген сенімін нығайтады және жоғары білімнің әлеуметтік жауапкершілігін көрсетеді», – деп қорытындылады вице-министр.
Осылайша, ЖОО білімді, жауапкершілігі мол, сондай-ақ әділ және прогрессивті Қазақстанның тірегін қалыптастырушы патриот азаматтарды тәрбиелейді.


