Екі тарап Қазақстан мен Палестина арасындағы дәстүрлі достық қатынастарды одан әрі нығайтуға өзара мүдделілігін растады.
Фото: istockphoto.com
ERNUR.KZ. Қазақстандағы жоғары оқу орындарында палестиналық студенттерге арнап білім гранты бөлінуі мүмкін. Бұл туралы сыртқы істер министрінің орынбасары Арман Исағалиевтің Палестинаның Қазақстандағы елшісі Монтасер Абу Зейдпен кездесуінде белгілі болды, деп жазады azattyq-ruhy.kz.
СІМ мәліметінше, сұхбат барысында тараптар екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылап, Қазақстан мен Палестина арасындағы дәстүрлі достық қатынастарды одан әрі нығайтуға өзара мүдделілігін растады.
«Гуманитарлық ынтымақтастыққа, оның ішінде палестиналық студенттерге Қазақстанның жоғары оқу орындарында білім алу үшін гранттарын бөлу мәселелеріне назар аударылды. Тараптар өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер, оның ішінде Таяу Шығыстағы жағдай бойынша пікір алмасты», – делінген ведомство хабарламасында.
Айта кетейік, Қасым-Жомарт Тоқаев Ашхабадта өткен отырыста Қазақстан егемен Палестина мемлекетін құру ұстанымын жақтайтынын айтқан.


