Қазақстандықтар 13 млрд теңгеге алданды

0
526

Банктерде және микрокредиттік ұйымдарда жалған онлайн-қарыздарды рәсімдеудің 1 600 фактісі тіркелді.


Қазақстандықтар 13 млрд теңгеге алданды

ERNUR.KZ. Жыл басынан бері алаяқтар қазақстандықтарды 13 млрд теңге алдап кеткен. Бұл туралы ішкі істер министрлігінің киберқылмысқа қарсы күрес орталығының бастығының орынбасары Рустем Дүйсетаев мәлімдеді, деп жазады sputnik.kz.

Ресми мәліметке сәйкес, жыл басынан бері халықты интернет арқылы алдауға қатысты 15,5 мың қылмыс тіркелді.
"Алаяқтардың әрекеті нәтижесінде азаматтарға 13 млрд теңге сомаға залал келді. Әлі де ең көп таралған әдіс-бұл онлайн-сауда. Онлайн саудамен байланысты 7 мың алаяқтық жасалды", - деді Дүйсетаев бүгінгі онлайн брифингте.
Ал банктерде және микрокредиттік ұйымдарда жалған онлайн-қарыздарды рәсімдеудің 1 600 фактісі тіркелді. Бұдан бөлек, адамдарды ақшаны тез көбейту үшін сан алуан схемаларға тарту әрекеттері тыйылмай отыр.
"Бір жыл ішінде 1200 қазақстандық осындай схемалардың құрбаны болды, олар өз ақшаларын жұмыс істемейтін инвестициялық жобаларға салды. Сонымен қатар, кейбір жағдайларда осы мақсаттар үшін несиелер рәсімделді. Жеңіл ақшаны іздеймін деп, олар жинақтарын жоғалтты", - деп атап көрсетті Дүйсетаев.
Алаяқтар ірі компаниялар, банктер мен криптобиржалардың атынан жалған сайттар құру арқылы да халықты алдайды. "Менеджер" мен "брокер" ретінде байланысқа шығатындар көп жағдайда онлайн-режимде хат жазысады. Ал үлкен соманы тарту үшін дивидендтерді бір рет төлеп береді. Бірақ артынан барлық ақшаны үптеп кетеді.
Сондай-ақ фишингтік сілтемелерді жіберу арқылы азаматтардың шоттарынан 1 мың алаяқтық ұрлық жасалды. Банктер мен құқық қорғау органдары қызметкерлерінің атынан жасалатын алаяқтық ерекше алаңдаушылық туғызады. Осы тәсілмен жыл басынан бері 3 мыңнан астам алаяқтық жасалды. Ондайда алаяқтар шоттағы күдікті операциялар немесе несие рәсімдеу әрекеті туралы айтып, ақшаны шоттан немесе депозиттен қауіпсіз "сақтандыру" шотына аударуға көндіреді.
"Мұндай қылмыстардың көпшілігі шетелден жасалады, бұл оларды ашу процесін қиындатады. Егер онлайн-сату бойынша қажетті ақпаратты қазақстандық сайттардан сұратуға болатын болса, басқа жағдайда халықаралық сұраныстар жіберу қажет болады. Тиісінше, қажетті ақпаратты алу ұзақ уақытты алады", - дейді киберқылмысқа қарсы күрес орталығының бастығының орынбасары.