Азаматтардан 20 мыңнан аса ұсыныс түскен.
Фото: freepik.com
ERNUR.KZ. ҚР Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің төрағасы Алмасадам Сәтқалиев азаматтар алғашқы атом электр станциясына қандай атаулар ұсынып жатқанын айтты, деп жазады azattyq-ruhy.kz.
«Бүгінгі күні қазақстандықтардан жиырма мыңнан астам ұсыныс келіп түсті. Жалпы отандастарымыздың қызығушылығы өте жоғары. Біз алдын ала талдау жүргізіп, ең жиі кездесетін үш негізгі блокты бөліп алдық», - деді Сәтқалиев Мәжіліс кулуарында.
Бірінші блок географиямен байланысты. Мысалы, Балқаш, Іле, Үлкен, Мойынқұм АЭС сияқты атаулар бар. Яғни станцияны жақын орналасқан елді мекендердің атауымен атауды ұсынып отыр.
Екінші блок — станцияға Қазақстанның тарихи, саяси немесе ғылым қайраткерлерінің есімін беру. Ұсыныстардың арасында мысалы Абай, Қаныш Сәтбаев есімдері аталады.
Үшінші блок — станцияның техникалық және инженерлік-энергетикалық ерекшелігі. Мұнда «жарық», «бейбіт атом», «қуат» сияқты сөздерден тұратын атаулар ұсынылған.
«Қазір сараптамалық жұмыс жалғасып жатыр. Бұл іспен құрамына этнографтар, тарихшылар, сала өкілдері, блогерлер мен қоғам қайраткерлері кірген комиссия айналысуда. Барлық ұсыныс жинақталып, талқыланады, ал станция атауына қатысты түпкілікті шешімді комиссия мен қазақстандықтардың өздері қабылдайды», - деді Сәтқалиев.
Естеріңізге салайық, елімізде алғашқы АЭС Алматы облысындағы Үлкен ауылында салынады.