Сәуір айында заңды тұлғалар 1,3 трлн теңгеге несие алды.
ERNUR.KZ. Бұл соманың 40%-нан астамы Алматы кәсіпорындарының үлесіне тиді. Наурыз айына қарағанда өсім шамамен 18%-ды құрады. Алайда берілген несиелер саны 4%-ға азайған, деп жазады inbusiness.kz.
Ресурстың жазуынша, бұл берілген несиенің орташа мөлшері өскенін көрсетіп отыр. Наурыз айында бұл көрсеткіш 23,6 млн теңгені құраған.
"Қаржы ұйымдарының барлық түрлері (банктер, микроқаржы ұйымдары және т.б.) бойынша заңды тұлғалардың кредиттік портфелі 2023 жылғы 1 мамырда 20,4 трлн теңгені құрады. Оған барлық келісімшарттар, соның ішінде баланстан тыс келісімшарттар да кіреді", - делінген ақпаратта.
DataHub мәліметінше, 2023 жылғы сәуірде қазақстандықтар 1,1 трлн теңгеге несие алды.
"Қарыз алушылардың жалпы саны 2 млн адамнан асты. Айта кететін жайт, көлік сатып алуға берілген қарыздың медианалық мөлшері 7 млн теңгеден асты. Жалпы алғанда, барлық өнім бойынша берілген несиенің орташа мөлшері 329 мың теңгені құрап, бір айда 16,5%-ға артқан.
Жеке тұлғалардың портфелі мамыр айында 1,7%-ға ұлғайып, 16,4 трлн теңгені құрады. Өсімнің шамамен 40 пайызын автонесиелеу мен ипотека қамтамасыз етті. Қолданыстағы тұрғын үй қарыздары бар қарыз алушылардың саны бірінші рет жарты миллион адамға жетті", - деп хабарлады Бірінші кредиттік бюроның Telegram-арнасы.
Барлық өнімдер бойынша жеке тұлғалар портфелінің сапасы бір айда өзгеріске ұшырамады: 90 және одан да көп күн кешіктірілген қарыздардың үлесі 10,6 пайызды құрайды.