Қазақстанда алғаш рет жұмыс берушілер қызметкерлерді киберқауіпсіздік және кибермәдениет негіздеріне оқытуға міндеттелді, ал цифрлық жүйелердің иелері олардың қорғалу деңгейіне жыл сайын аудит жүргізуге тиіс болады.
ERNUR.KZ. Бұл және басқа да жаңашылдықтар Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында қабылданған Цифрлық кодекс пен «Киберқауіпсіздік туралы» заңда көзделген. Бұл туралы ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында ҚР жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Досжан Мұсалиев мәлімдеді.
Оның айтуынша, «Киберқауіпсіздік туралы» заң алғаш рет мемлекеттік органдар мен ұйымдардың цифрлық жүйелерін қорғаудың бірыңғай құқықтық негізін қалыптастырып, елдің цифрлық қауіпсіздігін қамтамасыз етудің жүйелі тәсілін енгізеді. Негізгі жаңашылдықтардың бірі ретінде Еңбек кодексінде жұмыс берушілер мен қызметкерлердің киберқауіпсіздік пен кибермәдениет талаптарын сақтау жөніндегі міндеттері бекітілді.
«Бұл норма әрбір қызметкердің өзінің цифрлық қауіпсіздігін қорғауға қажетті базалық білім мен дағдыларға ие болуына, сондай-ақ ақпараттық жүйелер мен қызметтік деректерді қауіпсіз пайдалануға бағытталған. Жұмыс берушілер ішкі ережелерді бекітіп, қызметкерлерді оқытуды ұйымдастырады», – деді Досжан Мұсалиев.
Сонымен қатар киберқауіпсіздік мәселелері бойынша жыл сайынғы оқыту мемлекеттік органдар, әкімдіктер және аса маңызды инфрақұрылым объектілерінің қызметкерлері үшін міндетті болады.
Тағы бір жаңа норма – цифрлық жүйелердің киберқауіпсіздігіне жыл сайын міндетті аудит жүргізу. Аса маңызды цифрлық объектілердің иелері мұндай тексерулерді өткізіп қана қоймай, олардың қорытындысы бойынша есептерді жыл сайын Ақпараттық қауіпсіздік комитетіне жолдауға міндетті. Бұған дейін заңнамада мұндай талап болмаған. Сондай-ақ вице-министрдің айтуынша, аса маңызды объектілерге мемлекеттік бақылау жүргізу функциялары Ұлттық қауіпсіздік комитетіне берілген.
Айтарлықтай өзгерістер дербес деректерді қорғау саласына да енгізілді. Енді медициналық, банктік, коммерциялық және өзге де құпия ақпаратты қамтитын шектеулі қолжетімділік базаларына қол жеткізу қызметкерлердің міндетті биометриялық аутентификациясымен жүзеге асырылады.
Тағы бір жаңашылдық – ұйымдар дербес деректердің таралуы туралы тек мемлекеттік органдарды ғана емес, деректері жария болып кеткен азаматтардың өздерін де хабардар етуге міндетті болады. Бұдан бөлек, Қазақстанда дербес деректердің ірі операторларының тізілімі құрылып, олар үшін ақпаратты қорғауға қатысты қосымша талаптар енгізіледі. Заңнамада алғаш рет «дербес деректер идентификаторы» ұғымы бекітілді. Оларға тегі, аты және әкесінің аты жиынтығы, жеке сәйкестендіру нөмірі, бет бейнесі, сондай-ақ тұлғаның биометриялық векторы және оның туынды мәліметтері жатады.
Досжан Мұсалиевтің айтуынша, жаңа заңдарды іске асыру аясында киберқауіпсіздік және дербес деректерді қорғау мәселелері бойынша 30-ға жуық заңға тәуелді акт қабылданды, ал тағы он шақты құжатты қыркүйек айының соңына дейін бекіту жоспарланып отыр.
Вице-министр сондай-ақ 2024 жылдан бері Қазақстанда киберқауіпсіздік және дербес деректерді қорғау талаптарының сақталуына қатысты 648 жоспардан тыс тексеру жүргізілгенін хабарлады. Олардың қорытындысы бойынша құқық бұзушыларға айыппұл санкциялары қолданылған. Ең жиі кездесетін бұзушылықтар қатарында дербес деректерді өңдеуге келісімнің болмауы, ақпаратты қорғау жөніндегі ішкі саясаттың жоқтығы, базалық қорғаныс құралдарының жеткіліксіздігі, көпфакторлы аутентификацияның енгізілмеуі, қауіпсіздік жүйелерінің уақытылы жаңартылмауы және киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету орталықтарына қосылмау фактілері бар.


