Қазақстандықтардың жартысынан азы ғана дабылды естиді: Бұған 10 миллиард теңге жұмсалған

0
434

Бүгінде Қазақстанда 3578 дабыл-дыбыстау құрылғысы мен электр сиреналары бар.


Қазақстандықтардың жартысынан азы ғана дабылды естиді: Бұған 10 миллиард теңге жұмсалған

ERNUR.KZ. Қазақстандықтардың 41,2 пайызы ғана жер сілкінісі және басқа да төтенше жағдайлар кезінде дабыл дыбысын естиді. Бұл ретте тиісті жүйелерді жаңғыртуға 10 миллиард теңгеден аса қаржы жұмсалған, деп жазады tengrinews.kz.

Төтенше жағдайлар министрлігі мәліметі бойынша, бүгінде Қазақстанда 3578 дабыл-дыбыстау құрылғысы мен электр сиреналары бар. Ең көбі (843) Алматыда, ең азы (39) Абай облысында орнатылған.

2016-2023 жылдар аралығында, яғни жеті жылда ескерту жүйелерін жаңғыртуға 10 миллиард теңгеден аса қаржы жұмсалған. Оның 88,5 пайызы жергілікті бюджеттен, 11,5 пайызы республикалық бюджеттен бөлінген.

Айта кетейік, Астанада бір бөлмелі пәтердің орташа құны шамамен 18 миллион теңге болады. Осылайша, көрсетілген сомаға елордада 550-ден аса пәтер сатып алуға болар еді.

Төтенше жағдайлар министрлігінен көптеген қазақстандық оқу-жаттығу кезінде өз қаласында дабыл дыбысын неге естімейтінін сұрадық.

"Бүгінде республика бойынша халықты қамту 41,2 пайыз болып отыр. Бұл қалалар мен облыстардың барлық аудандары тиісті деңгейде хабардар ету құрылғыларымен қамтылмаған болуы мүмкін екенін білдіреді. Кейбір елді мекендер ескерту жүйелерімен жабдықталмаған, ал дабыл құрылғысы бар жерлерде олардың шалғай орналасуына байланысты бекітілген аумақта естілмейді", - деп жауап берді министрлік.

Бұл мәселені шешу үшін техника қажеттілігі тағы да қайта есептелген. Алайда министрлік бұл нені өзгерткенін нақтыламады. Төтенше жағдайлар министрлігі мәліметінше, тозығы жеткен техника мүмкіндігінше жаңартылады.