Қазіргі таңда еліміздегі жеке тұлғалардың банк шоттарының 99,8 пайызы ҚДКҚ кепілдігімен толық қорғалған.
Фото: Zakon.kz/Максим Золотухин
Қор мәліметінше, депозиттерге кепілдік беру жүйесі жұмыс істеген 26 жыл ішінде 11 банк лицензиясынан айырылған. Осы уақыт аралығында 420 мыңнан астам салымшыға өтемақы төленген.
Қазіргі таңда еліміздегі жеке тұлғалардың банк шоттарының 99,8 пайызы ҚДКҚ кепілдігімен толық қорғалған. Ал қалған 0,2 пайызы қорға кепілдік берудің ең жоғары мөлшерінен асатын ірі салымдарға тиесілі.
Депозиттерге қандай кепілдік беріледі?
ҚДКҚ жеке тұлғалардың қазақстандық банктердегі барлық депозиттерін қорғайды.
Алайда өтемақы көлемі салымның түрі мен валютасына байланысты белгіленген шекті мөлшерден аспайды:
- теңгедегі жинақ салымдары бойынша – 20 млн теңгеге дейін;
- теңгедегі басқа депозиттер, ағымдағы шоттар мен төлем карталары бойынша – 10 млн теңгеге дейін;
- шетел валютасындағы депозиттер, шоттар мен төлем карталары бойынша – 5 млн теңгеге дейін.
Мәселен, егер азаматтың мерзімді депозитінде 2 млн теңге болса, банк лицензиясынан айырылған жағдайда оған жинақталған сыйақымен қоса толық өтемақы төленеді. Ал депозит көлемі 12 млн теңге болса, ҚДКҚ тек 10 млн теңгеге дейінгі соманы ғана кепілдендіреді.
Бір банкте бірнеше депозит болған жағдайда
Қор өкілдерінің айтуынша, бір банкте бірнеше депозиті бар салымшылар үшін кепілдік сомасы ерекше тәртіппен есептеледі.
Егер салымшының теңгедегі жинақ депозиті болса, ол 20 млн теңгеге дейін кепілдендіріледі. Ал басқа депозиттер белгіленген лимиттер шегінде есептеледі. Бұл жағдайда барлық депозиттер бойынша төленетін өтемақының жалпы көлемі 20 млн теңгеден аспайды.
Егер жинақ депозиті болмаса, бірақ теңгедегі және шетел валютасындағы басқа салымдар болса, онда теңгедегі қаражатқа – 10 млн теңгеге дейін, валюталық салымдарға – 5 млн теңгеге дейін кепілдік беріледі. Мұндай жағдайда ең жоғары өтемақы көлемі 15 млн теңгені құрайды.
ҚДКҚ заңнамада кепілдендірілетін сомаларды жай ғана қосып есептеу қарастырылмағанын атап өтті.
"Бір салымшының бір банктегі барлық депозиттері бойынша төленетін кепілдік өтемақының ең жоғары мөлшері 20 млн теңгеден аспайды", – деп түсіндірді қор мамандары.
Бұған дейін қазақстандықтардың банк жүйесіне деген сенімі артып, бір жыл ішінде депозиттер көлемі 4 трлн теңгеге ұлғайғаны хабарланған болатын.


