Азаматтық авиация комитеті рейстердің кешігуінен ерікті сақтандыру жобасы әзірленіп жатқанын мәлімдеді.
Фото: Pixabay.com
ERNUR.KZ. Қазақстандықтар мамырдан бастап рейсі кешіккені үшін өтемақы ала алады, деп жазады stan.kz.
Азаматтық авиация комитеті рейстердің кешігуінен ерікті сақтандыру жобасы әзірленіп жатқанын мәлімдеді.
"Пилоттық жоба мамыр айында іске қосылады деген болжам бар. Бұл адамдарға әуе билетін сатып алумен қатар, сақтандыруды өз еркімен сатып алуға мүмкіндік береді", – деп хабарлады азаматтық авиация комитеті.
Көлік вице-министрі Талғат Ластаев ақпанда рейстердің кешігуінен цифрлық сақтандыру қызметін дамыту туралы хабарлаған еді.
Үкімет отырысында вице-министр бұл қызмет әуе билеттерін сату кезінде біріктірілетінін хабарлады. Ол жолаушыларға рейс кешігіп қалған жағдайда лезде төлем алуға мүмкіндік береді.
Қазір қазақстандықтар тасымалдаушылардың кінәсі анықталған кезде ғана рейстердің кешіккенінен өтемақы алады. Ол үшін екі сағаттан артық кешіккен болуы керек. Өтемақыны алу үшін әуекомпаниясының өкілдігіне хабарласып, шешімді күтесіз.
2024 жылы Қазақстанда рейстердің төрттен бірі яғни 50 799 рейстің 12 941-і кейінге қалдырылды. Кешігулердің 68%-ы әуекомпаниялардың кінәсінен болды.
Еске салсақ, премьер-министр әуе рейстерінің жиі кешіктірілу мәселесін шешуді тапсырған еді.