Қазақстандықтарға Түркия және тағы үш елге бару жеңілдетілуі мүмкін

0
118

Бұл туралы АПА агенттігіне ТМҰ Бас хатшысы Құбанычбек Өміралиев мәлімдеді.


Қазақстандықтарға Түркия және тағы үш елге бару жеңілдетілуі мүмкін

Фото:depositphotos.com

ERNUR.KZ. Бес елдің - Әзербайжан, Түркия, Қырғызстан, Қазақстан және Өзбекстан - азаматтары болашақта мемлекеттер арасында шетелдік төлқұжатсыз, жеке куәлікпен саяхаттай алады, деп жазады tengrinews.kz.

Мұндай мүмкіндік Әзербайжан мен Түркия арасында қазірдің өзінде қолданыста, енді оны Түркі мемлекеттері ұйымының (ТМҰ) басқа елдеріне де тарату мәселесі талқыланып жатыр.

Бұл туралы АПА агенттігіне ТМҰ Бас хатшысы Құбанычбек Өміралиев мәлімдеді.

Жүйеге қай елдер кіруі мүмкін?

Өміралиевтің айтуынша, қазір ТМҰ-ға мүше елдердің азаматтарына өзара сапарларды жеке куәлікпен жүзеге асыруға мүмкіндік беретін дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр.

"Біз бұл мүмкіндікті басқа түркі мемлекеттерімен де іске асыру бағытында жұмыс істеп жатырмыз. Әңгіме Қырғызстан, Қазақстан және Өзбекстан туралы болып отыр. Біз мұны тек бір елмен ғана емес, бірлесе жүзеге асыра аламыз", - деді ТМҰ Бас хатшысы.

Дегенмен, жоба әзірге дайындық сатысында. ТМҰ Бас хатшысы оның іске қосылуының нақты мерзімін атаған жоқ.

"Бұл мәселе біздің күн тәртібімізде тұр. Сөз бес ел туралы: Түркия, Әзербайжан, Қырғызстан, Қазақстан және Өзбекстан. Жобаны барынша қысқа мерзімде аяқтау үшін дайындық жұмыстары жалғасады", - деп атап өтті Құбанычбек Өміралиев.

Қазақстаннан жеке куәлікпен шығу мәселесі қалай?

Қазіргі уақытта қазақстандықтарға Ресей мен Қырғызстанға кіру үшін жеке куәлік жеткілікті. Бұл елдер арасындағы жекелеген келісімдерде қарастырылған.

Бұдан бөлек, Қазақстан мен Армения бұған дейін өзара сапарлардың жаңа ережелері туралы келіскен болатын. Келісім 90 күнге дейін визасыз жүруді қарастырады. Бұл ретте Ішкі істер министрі Ержан Сәденов 30 күн болғаннан кейін азаматтарға ішкі істер органдарында тіркелу қажет болатынын түсіндірді.

Қазақстан мен Армения арасында шекарадан жеке куәлікпен өту мүмкіндігін қарастыратын келісімге қол қойылған. Алайда, Қазақстан СІМ мәліметінше, қазіргі уақытта екі ел арасындағы сапарлар үшін әлі де төлқұжат талап етіледі.

Қазақстан мен Өзбекстан да шекарадан өту тәртібін жеңілдету мүмкіндігін талқылап жатыр. Елдер арасында азаматтар төлқұжат көрсетпестен, бір-біріне жеке куәлікпен бара алуы туралы келіссөздер жүргізіліп жатыр.

Өзбекстанның Қырғызстанмен осындай келісімі бар. 2023 жылғы 1 қыркүйектен бастап екі елдің азаматтары өзара сапарлар үшін жеке куәліктерін пайдалана алады.