Бұл туралы индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мәлімдеді.
ERNUR.KZ. Қазақстан жүздеген миллиард теңгеге халықаралық теміржол желілерін салуды жоспарлап отыр, деп жазады ulysmedia.kz.
Бұл туралы LS-ке индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мәлімдеді. Ведомство елдің транзиттік әлеуетіне түсінік бере отырып, 2022-2025 жылдары Достық – Мойынты учаскесінде (833 км) екінші жолдар салынып, электрлендірілетінін атап өтті. Жобаның жалпы құны 938,1 млрд теңгеге бағаланып отыр.
Бұл Қытай – Еуропа – Қытай көлік дәлізін кеңейту үшін жасалады. ИИДМ болжамдары бойынша, бұл жоба дәліздің өткізу қабілетін бес есе арттырады, сондай-ақ Қытайдан Еуропаға және кері қарай тасымалдау жылдамдығы тәулігіне 800 км-ден тәулігіне 1,4-1,5 мың км-ге дейін артады.
Сондай-ақ 2023-2025 жылдары 161,8 млрд теңгеге Қазақстан мен Өзбекстан арасында жаңа Дарбаза – Мақтаарал (106 км) теміржол желісі салынады, ол Сарыағаш өткізу пунктінің жұмысын жеңілдетеді. Жаңа желінің арқасында өткізу қабілеті екі есе нығаяды. Өзбекстанмен пойыздарды қабылдау және тапсыру тәулігіне 26 реттен тәулігіне 50 ретке дейін артады. Жүктерді тасымалдау мерзімі 1,5 есе қысқарады.
Бұдан басқа, 2022-2025 жылдары Қазақстан 160 млрд теңгеге Түркістан – Шымкент – Ташкент жоғары жылдамдықты темір жол магистралін (260 км) салуға ниетті. Жол жүру уақыты 2 сағатты құрайды, ал туристердің ішкі ағыны 4,5 млн адамға дейін артады.
Бұған қоса, 2022-2023 жылдары Алматы станциясын айналып өтетін айналма теміржол желісін салу үшін 93,6 млрд теңге қарастырылған. Жоба жеке инвесторлардың қатысуын көздейді. Осының есебінен Қытайдан Алматы арқылы өтетін жүктерді тасымалдау мерзімі екі күнге немесе мегаполис станциясындағы жүк операциялар саны 40%-ға қысқармақ.
Жалпы Қазақстанда 2025 жылға қарай көліктің барлық түрімен транзиттік жүктерді тасымалдау көлемін 1,5 еседен астамға, 30 млн тоннаға дейін ұлғайту жоспарланып отыр. Оның ішінде контейнерлік тасымалдар жылдамдық пен сервисті арттыру есебінен екі есе өспек. 2019 жылы бұл көрсеткіш 19,5 млн тоннаны құрады.