Түймегүл Темірбаева 1910 жылы 1 қаңтарда Жамбыл облысы Жайлыма ауылында жылқышының отбасында дүниеге келген.
Түймегүл Темірбаева / Жаңаарқа ауданы баспасөз қызметінің суреті
ERNUR.KZ. Ұлытау облысында Қазақстанның ең қарт тұрғыны Түймегүл Темірбаева өмірден өті. Ол 116 жаста еді, деп жазады tengrinews.kz.
Жаңаарқа ауданының баспасөз қызметі кейуананың отбасына көңіл айтты.
"Жаңаарқа ауданы Қызылжар ауылының тұрғыны, 116 жасқа қараған шағында өмірден өткен Түймегүл Темірбаеваның туған-туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтамыз. Түймегүл әже талай тарихи кезеңнің куәсі болып, ұзақ ғұмыр кешті. Оның жарқын бейнесі танитын жандардың жүрегінде мәңгі сақталады", - деп жазылған хабарламада.
Өмірбаяны
Түймегүл Темірбаева 1910 жылы 1 қаңтарда Жамбыл облысы Жайлыма ауылында жылқышының отбасында дүниеге келген. Жергілікті әкімдік мәліметінше, әкесі Шотаяқ жылқы баққан, анасы Маңғаз үй шаруасымен айналысып, жұбайына қолғабыс еткен. Отбасында үш бала тәрбиеленген. Түймегүл үш жасында анасынан айырылған.
1932 жылы Түймегүл Темірбаева тұрмысқа шығып, екі жылдан соң "Жеңіс" совхозында жылқышының көмекшісі болып жұмыс істей бастаған. Жұбайы екеуі төрт бала - үш ұл мен бір қыз тәрбиелеп өсірді.
Қарт 15 немере, 25 шөбере сүйген.
"Өмір бойы жұбайым екеуміз мал шаруашылығымен айналыстық. Ол жылқы бақты, мен көмектесіп, бие саудым. Қымыз дайындадық. Киіз үйде, қарапайым өмір сүрдік", - деп еске алған еді кезінде Түймегүл Темірбаева.
Кейінгі жылдары кейуана Жаңаарқа ауданы Қызылжар кентінде кенже ұлының қолында тұрған.


