Қазақстанның энергетика саласында энергия объектілерін мониторингтеуге арналған ЖИ технологиялары енгізілуде

0
181

Жаңа цифрлық шешімдер электр беру желілерін, трансформаторларды, түтін мұржаларын, көмір қоймаларын және гидротехникалық құрылыстарды тексеруді автоматтандыруға мүмкіндік береді.


Қазақстанның энергетика саласында энергия объектілерін мониторингтеуге арналған ЖИ технологиялары енгізілуде

ERNUR.KZ. Цифрландыру жылы аясында Қазақстанның энергетика саласында заманауи цифрлық шешімдерді енгізу жұмыстары жалғасуда. Энергетика министрлігі энергетикалық инфрақұрылымның сенімділігін, өндірістік процестердің тиімділігін және персоналдың қауіпсіздігін арттыруға бағытталған цифрлық трансформацияға ерекше назар аударады. Осы бағыттардың бірі – «Самұрық Энерго» АҚ іске асырып жатқан энергетикалық инфрақұрылымды мониторингтеуге арналған жасанды интеллект технологиялары мен ұшқышсыз ұшу аппараттарын қолдану, деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметі.

Жаңа цифрлық шешімдер электр беру желілерін, трансформаторларды, түтін мұржаларын, көмір қоймаларын және гидротехникалық құрылыстарды тексеруді автоматтандыруға мүмкіндік береді. Жасанды интеллект алынған деректерді автоматты түрде талдап, ақауларды ерте кезеңде анықтап, оларды жою бойынша ұсынымдар қалыптастырады.

Атап айтқанда, электр беру желілері мен энергетикалық жабдықтарды ұшқышсыз ұшу аппараттарының көмегімен тексеру инспекция жүргізу уақытын 5–10 есеге дейін қысқартуға мүмкіндік береді. Ал түтін мұржаларын тексеру бұрын бірнеше күнді қажет етсе, енді шамамен екі сағаттың ішінде жүзеге асырылады. Бұл ретте қызметкерлердің биіктікте жұмыс істеу қажеттілігі толықтай жойылады.

Сонымен қатар, аэромониторинг технологиялары көмір қорларын бақылау үшін де қолданылады. Аэрофототүсірілім негізінде қоймалардың үш өлшемді модельдері жасалып, жасанды интеллект көмір көлемін автоматты түрде 99%-ға дейінгі дәлдікпен есептейді. Деректерді өңдеу уақыты бірнеше күннен 20 минутқа дейін қысқарды.

Цифрлық құралдар гидротехникалық құрылыстарды мониторингтеу кезінде де пайдаланылады. Аэрофототүсірілім және тепловизиялық бақылау деректерін талдау бөгеттердің тұтастығындағы бұзушылықтарды уақытылы анықтауға және технологиялық тәуекелдердің алдын алу бойынша жедел шаралар қабылдауға мүмкіндік береді.

Жасанды интеллект пен цифрлық мониторинг технологияларын енгізу энергетикалық инфрақұрылымның сенімділігін, өндірістік процестердің тиімділігін және өнеркәсіптік қауіпсіздік деңгейін арттыруға ықпал етеді.